Петропавлда бүтін бір отбасын өлтірді деп айыпталған үш азаматқа сот үкім шығарды. Айыпталушылардың бірі өмірінің соңына дейін түрмеде отыратын болады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына бүгін халық көп жиналған. Себебі, аталған іс ел арасында резонанс тудырған болатын.
Былтыр Жаңа жыл қарсаңында жерлеу рәсімдерімен айналысатын бизнесмен Вадим Приходченко мен жұбайы Юлия және олардың кәмелетке толмаған баласы Юрий өз үйлерінде өлі күйінде табылды. Көп ұзамай үш бірдей адамды бауыздап кеткен күдіктілер ұсталды. Оларға ҚР ҚК бірқатар баптары бойынша айып тағылды.
ҚР ҚК 28 бабы 4 бөлігі және ҚК 99 бабының 1, 7 бөліктері бойынша айып тағылған Ирина Скоробогатова осы уақыт аралдығында өз кінәсін мойындаған жоқ. Тіпті, қайтыс болған отбасымен жақсы қарым-қатынаста болғандығын айтты. Ал жарыссөзде ол жәбірленуші тарап оны ақша үшін түрмеге отырғызғысы келетіндігін айтты.
«Жәбірленуші тарап көрсеткен шығынды үшеуміз тең мөлшерде өтеуіміз қажет. Ал айыпталып отырған үш адамның ішінде оны төлеуге менің ғана мүмкіндігім бар. Сондықтан олар мұны түсініп, менің де отырғанымды қалайды. Аталған қылмысқа менің еш қатысым жоқ. Кінәсіз адамды бекерден-бекер айыптап отырсыздар», — деді Ирина Скоробогатова.
Оның бұл сөзін Скоробогатованың қоғамдық қорғаушысы болып отырған қызы да қайталады.
Ал 26 жастағы Данил Орлов өзінің ешкімді өлтірмегендігін және аталған қылмысқа Сергей Емельяновтан қорыққандықтан барғандығын айтты. Жарыссөзде оның кекештігін, тұйықтығын және адамдармен тез тіл табыса алмайтындығын естіген Емельянов пен Скробогатованың қорғаушысы «үндемегеннен үйдей бәле шығады» деп оны маньяктарға да теңеді.
Сергей Емельянов болса керісінше, белсенді. Сот отырысы барысында да өзін еркін ұстап, тіпті Орловтан жауап алынып жатқанда оған былапыт сөздер айтып, шу шығарып, сот залынан қуылған. Ол да ешкімді өлтірмегендігін айтып ақталды.
Оларға ҚР ҚК 99 және 192 баптары бойынша айып тағылған болатын.
Дегенмен, мемлекеттік айыптаушы олардың үшеуінің де кінәсі дәлелденгендігін айтты. Сондықтан Сергей Емельянов пен Данил Орловқа өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын, ал Ирина Скоробогатованы 15 жылға соттауды сұрады.
Оларға ең қатаң жаза қолдануды қайтыс болған бизнесменнің қызы да сұраған болатын.
Сот үкімі
Сот Сергей Емельяновты өмір бойына бас бостандығынан айырды. Ол жазасын төтенше қауіпсіздік колониясында өтейтін болады. Данил Орловқа сот 21 жыл сегіз айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейтін болады. Ал Ирина Скоробогатова ҚР ҚК 434 бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, Емельянов пен Орлов жәбірленуші тарапқа моральдық шығынды өтеуі тиіс.
«Сот Емельянов пен Орловты ҚР ҚК 191 бабының 3 бөлігі 1 тармағы, 99 баптың 2 бөлігі 1,7,10,13,14 тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, яғни тонау және кісі өлтіру бойынша кінәлі деп тапты. Сот айыпталушылардың кінәсі қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденген деп санайды. Жаза тағайындау кезінде сот сіздер жасаған құқық бұзушылықтардың қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескерді. Бұл ретте сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде сіздердің кішкентай балаларыңыз бар екенін ескерді. Ал жауапкершілікті ауырлататын жағдайлар анықталмады. Жазаны тағайындау кезінде сот әркімнің қылмыс жасаудағы рөлін де ескерді. Емельяновтың жеке басының қылмыстық бағытын ескере отырып, сот өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жазаны тағайындады. Орловқа қатысты сот ҚК-нің 55 бабының ережесін қолдана отырып, баптардың санкциясы шегінде жаза тағайындады. Скоробогатоваға қатысты айтар болсам, сот сіздің кінәлі екеніңізді анықтаған жоқ. Алайда, аса ауыр қылмыс жасалғандығын біле тұра ол туралы хабарламадыңыз. Осыған байланысты сот сізді ҚР ҚК 434 бабына сәйкес үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ сот сіздің бұрын істі болғандығыңызды ескерді», — деді үкімді түсіндірген СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айдарбек Беккужинов.
Үкімді жәбірленуші тарап ауыр қабылдады. Қаза тапқандардың жақындары көз жастарын тыя алмады.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Тағы оқыңыз: Жерлесіміз Ризабек Айтмұхан үшінші рет әлем чемпионы атанды