Петропавлда ерлі-зайыпты мен олардың ұлын өлтірді деген күдікпен 2 азамат ұсталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Осыған дейін Qazaqstan Media редакциясы Жұмысшы кентіндегі жер үйлердің бірінен үш адамның мәйіті табылғандығы туралы жазған болатын. Бұл туралы хабарлама полицейлерге 28 желтоқсан күні сағат 13.25-те келіп түскен. Оқиға болған баспанаға жеткен тәртіп сақшылары үйден зорлық-зомбылықтың белгілері бар 3 жансыз денені анықтады. Аталған факт ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (Екі немесе одан көп адамды өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді.
«Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері облыс орталығының 2 тұрғынын ізін суытпай ұстады. Күдіктілер Петропавл қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларын толық, жан-жақты және объективті зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Іс облыстық прокуратура мен полиция департаментінің бақылауында. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді», — делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Тағы оқыңыз: Петропавлда бүтін бір отбасын өлтіріп кеткен