23 маусым – Халықаралық Олимпиада күніне орай Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті еліміз бойынша дүниеге келген барлық сәбилерге ерекше құрмет көрсетті. Бұл игі шара дәстүрлі түрде жыл сайын «Олимпиада күні туған» атты акция аясында ұйымдастырылады, деп жазады Qazaqstan Media.
Аталған акция аясында дәл осы күні туған нәрестелерге естелік сыйлықтар, олимпиада чемпиондарынан арнайы құттықтаулар мен сертификаттар табысталды.
Игі бастама еліміздің 240 перзентханасын, оның ішінде 17 облыс пен Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі қалаларды қамтыды. Сәбилерге ағылшын тіліндегі «Olympian is born» деген жазуы бар бодилер мен жылы лебіз жазылған ашықхаттар сыйға тартылды.
Солтүстік Қазақстан облыстық перинаталдық орталығында осы ерекше күні бес сәби дүние есігін ашты.

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің мәлімдеуінше, бұл дәстүр – үлкен жолдың бастауын, сондай-ақ әрбір баланың болашағына деген сенімді білдіреді. Олимпиада құндылықтары сіңірілген күні туған әрбір сәби өмірде сөзсіз жеңімпаз болатынына сенім мол.

Тағы оқыңыз: СҚО-да пәтер ұрысына іздеу жарияланды