Солтүстік Қазақстан облысында 2025 жылдың алғашқы төрт айында үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін бұзған 150-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл ақпаратты QM редакциясына облыстық полиция департаменті берді.
Үйде ит, мысықтарды өсіріп бағу үлкен жауапкершілік. Оларды ұстау, серуендету, қоғамдық орындарға шығарудың өз тәртібі бар. Әсіресе, қалалы жерлерде үй жануарларын ұстап-күтуге қатысты дау көп. Далада итіңізді не басқа да сүйікті жануарыңызды қарғыбаусыз серуендетсеңіз немесе белгіленбеген жерде серуендетсеңіз айыппұл арқалайсыз. Ол туралы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 407-бабында жазылған. Бұл талаптарды 150-ден астам солтүстікқазақстандық бұзған. Оның 65-і облыс орталығы – Петропавл қаласында анықталған.
«Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Үй жануарларының иелеріне қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау қажеттілігі ескертіліп келеді»,- деп нақтылады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Құзырлы органдар жануар иелерін жауапты болуға шақырады. Ит-мысық немесе өзге де үй жануарын ұстамас бұрын, заң талаптарымен танысуға шақырады.
Тағы оқыңыз: Петропавлдағы дәмханалардың бірінде 47 жастағы азаматты пышақтап кетті