12-ші мамыр — Қазақстанда және бүкіл әлемде Халықаралық мейіргер күні аталып өтіледі. Бұл 141 елдің орта медициналық қызметкерлерін біріктіретін кәсіби мереке, деп жазады Qazaqstan Media.
Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 190 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді, оның 146 мыңнан астамы – мейіргер. Ал ауылдық жерлерде шамамен 55 мың маман еңбек етуде. Оның бес мыңға жуығы Солтүстік Қазақстан облысының медициналық ұйымдарында жұмыс істеп жатыр.
«Соңғы жылдары еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде мейіргерлердің рөлі едәуір артты. Қызмет аясын кеңейту және өкілеттіктерді беру арқылы мейіргерлер медициналық көмекті командалық үлгіде көрсету жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл дәрігерлердің жүктемесін азайтуға, пациенттер ағынын тиімді үйлестіруге, сондай-ақ медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік берді»,-деп жазады ҚР денсаулық сақтау министрлігі.
Бүгінде кеңейтілген практика мейіргерлері пациенттерді бастапқы қабылдау және динамикалық бақылап, медициналық құжаттар мен электрондық жазбаларды жүргізе алады. Дәрігердің тағайындауы бойынша ақпараттық жүйелер арқылы тегін рецепт жазады. Ал, жалпы мейіргерлер диспансерлік есептегі пациенттермен жұмыс істеуге, патронаж жүргізуге және вакцинациялау мен скринингтерді қоса алғанда профилактика шараларына қатысуға міндетті.
Қазақстанда мейіргерлерді 94 медициналық колледж даярлайды, оның 22-сі – мемлекеттік, 72-сі – жекеменшік. Олардың 39-ы – жоғары медициналық колледж мәртебесіне ие.
Біздің өңірде Ж. Тілеулин атындағы СҚ жоғары медициналық колледжінде орта буынды медицина қызметкерлері оқытылады. Қазіргі кеде мұнда 529 студент мейірбике ісі бойынша білім алып жатыр.
Тағы оқыңыз: Егін егуге қолайлы болады: Синоптиктер мамыр айына арналған ауа райы болжамын ұсынды