Көктем келіп, күн жылынғалы 11 солтүстікқазақстандықты кене шаққан. Оның төртеуі бала, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, былтыр өңірдің 653 тұрғынын кене шаққан. Олардың 5-уінен кене энцефалиті, ал 4 тұрғыннан кене боррелиозы анықталды.
Ал биыл көктем келіп, күн жылынғалы 11 адамды кене шаққан. Олардың төртеуі бала. Мамандар зардап шеккендерден аса қауіпті ауру белгілері анықталған жоқ деп отыр.
«Кене көптеген вирустар мен жұқпалы ауруларды, атап айтқанда, кене энцефалиті, кене сүзегі, туляремия, кене боррелиоз, геморрагиялық қызба сынды ауруларды таратады. Сондықтан кене шаққанда міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгінген абзал. Ал табиғат аясына демалуға шыққанда қауіпті жәндіктен қорғану шараларын ескеру қажет. Ашық түсті киім киіп, жақпа май мен спрей қолдану керек. Аллергиялық реакцияларды болдырмау үшін терінің ашық жерлеріне емес, киімге шашылатын аэрозольдерді қолданған дұрыс. Әсіресе, шалбардың балағын, киімнің жеңін, жағасын, қалтасын өңдеген абзал», — дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айнаш Сағандықова.
Тағы оқыңыз: СҚО-да қарақшылық шабуыл жасаған Моңғолия азаматы іздестірілуде