Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері алаяқтық жасады деген күдікпен үш петропавлдықты ұстады. Бүгіндері екі факті бойынша іс материалдары сотқа жіберілген, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Ұсталған үшеу Петропавл қаласының 36, 30 және 29 жастағы тұрғыны болып шықты. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрғындардың ақшасын қолды қылу үшін олар түрлі қулыққа барған.
«Жәбірленушінің айтуынша, ол бейтаныс адамдармен ішімдік ішуге келіскен. Ал мастығы тараған соң депозитіндегі ақшасының жоқ екенін аңғарған. Сондай-ақ өзінің атына тауарлық несие ресімделгенін анықтайды. Келтірілген шығын 3,5 миллион теңгеге жуықтады», — деп хабарлайды СҚО ПД баспасөз қызметі.
Ал екінші жағдайда олар әлеуметтік желі арқылы жәбірленушілермен жас келіншек ретінде танысып, хат-хабар алмасады. Біраз уақыт өткенен кейін екі ер адам өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырып, оны кездесуге шақырады. Сол кезде жәбірленушіге кәмелеттік жасқа толмаған бойжеткенмен хат алмасқаны үшін қылмыстық қудалауға ұшырайтынын айтып, қорқытқан.
«Осылайша, олар ақшалай сыйақы берілген жағдайда «мәселені шешіп беруді» уәде еткен. «Оң шешім» үшін зардап шегуші 5 миллион 700 мың теңгеге тауарлық несие, шағын қаржылық займ рәсімдеген, тіпті депозиттегі қаражатын да беріп жіберген», — делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта ірі мөлшердегі алаяқтық фактілері бойынша материалдар сотқа жіберілді. Олардың 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығы шектелуі мүмкін немесе осы мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Тағы оқыңыз: СҚО шаруалары қар тоқтату жұмыстарын бастап кетті