Қазақстанда алдағы үш жылда әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаражат ірі қалаларды ғана емес, еліміздің барлық өңірін дамытуға бағытталмақ. Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Ерлан Тоқшылық Президент Жолдауында көтерілген бастамалардың өңірлер үшін маңызы зор екенін атап өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында елдің алдағы жылдардағы даму бағыттары айқындалды. Экономиканы нығайту, инвестиция тарту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Өңірімізден сайланған Құрылтай депутаты Ерлан Тоқшылықтың пікірінше, Жолдаудың басты ерекшеліктерінің бірі – еліміздің барлық аймағын дамытуға басымдық берілуі.
«Жекелеген қалаларға ғана емес, тұтас Қазақстанға көңіл бөлінетін болды. 2029 жылдың соңына дейін әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді», – деді Ерлан Тоқшылық.
Президент Жолдауында халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың маңызды шарттарының бірі әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімді болуы екенін атап өтті. Осыған байланысты елімізде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру көзделіп отыр.
«Бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ. Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Жолдауға сәйкес, еліміздің өңірлерінде бірінші кезекте 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Олардың қатарында ауруханалар, перзентханалар, жедел жәрдем станциялары және балаларға арналған оңалту орталықтары бар. Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысын бастау жоспарланған. Үкіметке жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірін қамтитын нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеу тапсырылды.
Тағы оқыңыз: Жас өркен тұрғындары таңертеңнен дауыс беріп жатыр

