Қазақстанда жаңа iPhone сатып алған мыңдаған адам ұялы байланыссыз қалуы мүмкін. Олардың құрылғылары әлі күнге дейін верификациядан өтпеген. Егер смартфон иелері белгіленген мерзімде телефондарын тіркемесе, құрылғылар «қара тізімге» енгізіліп, бұғатталады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков мәлімдеді. Оның айтуынша, iPhone 18 сатылымға шыққан қыркүйектің соңынан қазан айының аяғына дейін елімізде ұялы байланыс желісіне 279 мың жаңа құрылғы қосылған.

Верификация барысында күмәнді өтінімдер де анықталған. Мәселен, бір ғана IP-мекенжайдан мыңдаған смартфонды тіркеуге өтінім берілген. Қазір бұл іспен құзырлы органдар айналысып жатыр.

«Телефондарды бейресми делдалдар әкелген немесе шетелден жеткізген болуы мүмкін. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, бұл телефондарды пайдаланатын азаматтар құрылғыларын 30 күн ішінде верификациядан өткізе алады. Осы мерзімде тексеруден өтпеген құрылғылар «қара тізімге» енгізіліп, бұғатталады», – деді Дамир Сейсембеков.

Осылайша, шетелден немесе бейресми сатушылардан қымбат смартфон сатып алған қазақстандықтар құрылғысының верификациядан өткен-өтпегенін тексергені жөн.

 

Поделиться:

Shares