Қазақстанда инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Оларды сапалы біліммен қамту және қолайлы орта қалыптастыру мәселесі өзекті. Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, білім беру инфрақұрылымын дамыту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Президенттің айтуынша, Үкімет пен әкімдіктер бірлесіп, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған білім беру нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз етуі керек. Жаңа мектептер мен әлеуметтік нысандарды салу кезінде инклюзивті білім беру талаптары ескеріліп, балалардың мүмкіндігіне қарай білім алуына жағдай жасалуы тиіс. Президенттің бастамасын Жұмабек Тәшенов атындағы №20 орта мектептің директоры Жібек Жамұлдиновп қолдайды.

«Инклюзивті білім беру – ерекше қажеттілігі бар балаларды жалпы білім беру жүйесіне қосумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – әр баланың қабілетін ашып, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беру. Ол үшін мектептерде арнайы кабинеттер, қажетті құрал-жабдықтар және білікті мамандар болуы шарт», — деді спикер.

Инклюзивті білім беруде педагогтердің кәсіби даярлығы да маңызды рөл атқарады. Себебі әр баланың білімді қабылдау ерекшелігі әртүрлі. Сондықтан ұстаздар арнайы әдістемелерді меңгеріп, психологтармен, логопедтермен және дефектологтармен бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың даму ерекшеліктерін ерте анықтау олардың оқу үдерісіне бейімделуіне оң ықпал етеді. Бұл бағытта мамандар тапшылығын азайтып, диагностика жүйесін жетілдіру маңызды.

Президент «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының да осы жұмыстарға белсенді араласуы қажеттігін атап өтті. Қордың қолдауы арнайы білім беру құралдарын қамтамасыз етуге, қажетті инфрақұрылымды дамытуға және балаларға көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Тағы оқыңыз: СҚО-да ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны 20 жылда 15 пайызға жуық өсті

Поделиться:

Shares