Петропавлда әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, бейәдеп сөздер айтқан блогер әкімшілік қамауға алынды. Көпшілікке Ветер Птицарь лақап атымен таныс Валерий Маркелов бес тәулікті қамауда өткізеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
1 қарашада полицейлер әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде блогердің тікелей эфирін байқаған. Ер адам көрермендердің алдында балағат сөздер айтқан.

Тәртіп сақшылары оның кім екенін анықтап, тиісті шаралар қабылдады. Ол Петропавл қаласының 31 жастағы тұрғыны Валерий Маркелов болып шықты. Блогер әрі әнші қала тұрғындарына Ветер Птицарь лақап атымен жақсы таныс. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, сот шешімімен оған бес тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.
Полиция әлеуметтік желідегі әрекеттер үшін де заң алдында жауап беруге тура келетінін ескертті.
«Мұндай құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік қарастырылған. «Заң және тәртіп» қағидаты барлығына бірдей қолданылады», — деп хабарлады СҚО полиция департаменті.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда зорлық-зомбылық құрбандары дүкен мен дәріханаларды паналай алады

