«eGov Business» мобильді қосымшасында кәсіпкерлерге арналған жаңа цифрлық сервис іске қосылды. Енді бизнес өкілдері «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-дан кредиттік және сақтандыру тарихы туралы есептерді онлайн әрі тегін ала алады, деп хабарлайды «Qazaqstan Media» тілшісі «Kursiv.Media» порталына сілтеме жасап.
Сервис «МКБ. Кредиттік және сақтандыру тарихы бойынша нұсқаулық» деп аталады. Оның көмегімен компанияның кредиттік міндеттемелері, төлем тәртібі, мерзімі өткен берешегі мен сақтандыру шарттары туралы мәліметтерді тексеруге болады. Қызмет аясында есептің үш түрі ұсынылған.
Бірінші есепте қолданыстағы кредиттер мен мерзімі өткен берешек туралы қысқаша ақпарат қамтылады. Екіншісі – заңды тұлғаның соңғы бес жылдағы кредиттік тарихы, жасалған шарттары мен төлемдері туралы толық мәлімет. Ал үшінші есеп компанияның қолданыстағы және бұрын жасалған сақтандыру шарттары мен полистері туралы ақпарат береді.
Жаңа сервис заңды тұлғалардың бірінші басшыларына, сондай-ақ тиісті электрондық цифрлық қолтаңбасы бар әрі «Қазынашылық» ақпараттық жүйесінде тіркелген қызметкерлерге қолжетімді. Қызметті пайдалану үшін eGov Business қосымшасындағы «Сервистер» бөліміне өтіп, қажетті қызметті таңдау керек.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлікті дамытуға, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыруға және экономиканы цифрландыруға басымдық берді. Осы бағытта мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, кәсіпкерлердің уақытын үнемдеу және әкімшілік кедергілерді азайту маңызды.
Тағы оқыңыз: Құрылтайдың ресми сайтында азаматтардан ұсыныс қабылдайтын жаңа бөлім ашылды

