31 қазанда әлемнің бірқатар елінде Хэллоуин мерекесі аталып өтеді. Қорқынышты костюмдер, асқабақтан жасалған шамдар мен түрлі ойын-сауық кештері бұл күннің басты ерекшелігіне айналған. Алайда Қазақстанда Хэллоуинге қатысты пікір екіге бөлінеді. Бірі оны көңіл көтерудің бір түрі деп қабылдаса, енді бірі ұлттық құндылықтар мен діни ұстанымдарға қайшы деп санайды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Хэллоуиннің тарихы екі мың жылдан астам уақыт бұрын пайда болған ежелгі кельттердің Самайн мерекесінен бастау алады. Ол кезде адамдар 31 қазаннан 1 қарашаға қараған түні тірілер мен өлілер әлемінің арасындағы шекара ашылады деп сенген.
Жаман рухтардан қорғану үшін қорқынышты киім киіп, от жаққан. Уақыт өте келе бұл дәстүр өзгеріп, қазіргі Хэллоуин мерекесіне айналды.
Бүгінде мерекенің басты белгісі – асқабақтан жасалған шам. Оның ішін ойып, көз, мұрын, ауыз бейнесін жасайды да, ішіне жарық қояды. Мұндай шам «Джек шамы» деп аталады.
Хэллоуин Қазақстан жастары арасында да белгілі. Кейбір ойын-сауық орындарында тақырыптық кештер ұйымдастырылып, қатысушылар түрлі кейіпкерлердің костюмдерін киеді. Дегенмен бұл мерекеге қатысты қоғамдағы көзқарас әртүрлі.
Бұл сұраққа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша маманы Аман Асылханұлы жауап берді.
«Түп тамыры ежелгі Ирландия мен Шотландиядан бастау алатын Хэллоуин мерекесінің біздің дінімізге де, қазақтың салт-дәстүріне де қатысы жоқ. Шариғатымыз мұндай мерекелерді тойлауға тыйым салады. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзге діни қауымдарға еліктеуден сақтандырған. Ибн Омардан жеткен хадисте: «Кімде-кім бір қауымға ұқсағысы келсе, ол солардан болады», – делінген», – деді Аман Асылханұлы.
Осылайша, дін маманы ислам ұстанымдары бойынша Хэллоуинді тойлауға болмайтынын түсіндірді. Ал мерекені қолдайтындар оны діни рәсім емес, тек көңіл көтеру, ерекше костюм киіп, достармен уақыт өткізу мүмкіндігі ретінде қабылдайды.
Қазақстанда Хэллоуин ресми мереке санатына кірмейді. Соған қарамастан жыл сайын 31 қазан қарсаңында оны тойлауға қатысты пікірталас қайта көтеріледі.
Тағы оқыңыз: СҚО-да спорт нұсқаушылары жетіспейді

