Солтүстік Қазақстан облысында қараша айы тұрғындарды жылы күндерімен қуантады. Күздің соңғы айы әдеттегіден екі градусқа жылы болады. Алайда күннің жылынуы ұзаққа созылмайды. Синоптиктер 23 градусқа дейін аяз болатынын ескертті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
«Қазгидромет» мамандарының болжамынша, қараша айының басында өңірде күзге тән емес жылы ауа райы сақталады. Түнде ауа температурасы 0…+5 градус болса, күндіз +5…+12 градусқа дейін көтеріледі.
«Қараша айының басында ауа райы әдеттегіден жылы болады. Түнде 0…+5 градус, күндіз +5…+12 градус жылу күтіледі», – деді «Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалімова.
Алайда айдың ортасынан бастап ауа райы құбылмалы болады. Жылы күндер суықпен алмасып, температура бірде көтеріліп, бірде төмендейді. Жылы кезеңдерде түнде ауа температурасы -3…+5 градус, күндіз +1…+10 градус аралығында болады.
Ал суық ауа массалары келгенде түнде -1…-13 градусқа, күндіз 0…-8 градусқа дейін төмендейді. Кейбір түндері аяз күшейіп, сынап бағанасы -23 градусқа дейін түсуі мүмкін.
Қарашада жауын-шашын да жиі түседі. Күннің жылынуы мен күрт суытуы салдарынан жолдарда көктайғақ пайда болып, ағаштар мен электр сымдарын мұз басуы ықтимал. Сондықтан синоптиктер тұрғындарға, әсіресе жүргізушілерге ауа райының өзгерісіне дайын болуға кеңес береді.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда азаматтық істер саны 28,4 пайызға артты

