Санкт-Петербург қаласынан велосипедпен сапарға шыққан 66 жастағы зейнеткер солтүстікқазақстандық полицейлерінің көмегіне риза болып, алғысын айтты. Петропавл тәртіп сақшылары оған түнеуге орын тауып, велосипедін жөндеуге көмектесті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Дмитрий Козицын – бұрынғы мектеп мұғалімі. Велосипедпен саяхаттау – оның хоббиі. Осыған дейін ол Выборгтен Владивостокқа дейін қос дөңгелекті көлікпен жол жүріп өткен. Бұл жолы Санкт-Петербургтен Омбыға дейінгі бағытты таңдаған.
Саяхатшының жолы Солтүстік Қазақстан облысының Мамлютка, Петропавл және Булаево қалалары арқылы өтті. Алайда сапардың соңғы кезеңінде техникалық қиындықтар туындап, оған қосымша түнеу орны қажет болған. Дмитрийдің телефон нөмірлер тізімінде бірнеше жыл бұрын интернет арқылы танысқан қазақстандық велоспортшының нөмірі сақталыпты. Оның полиция қызметкері екенін саяхатшы білмеген.
Петропавл қалалық полиция басқармасының қызметкерлері шетелдік қонаққа қол ұшын созды. Оған түнеуге орын ұйымдастырып, велосипедін жөндеуге жәрдемдесті.
«Қазақстан полициясының жылы қарым-қатынасы мені ерекше таңғалдырды. Полицейлердің жұмысы оңай емес екенін әрдайым түсінетінмін», – деді Дмитрий Козицын.
Екі күннен кейін велосаяхатшы Омбыға аман-есен жетіп, одан әрі теміржол арқылы Санкт-Петербургтегі үйіне қайтты.
Тағы оқыңыз: Петропавл дәрігерлері науқастың денесінен 10 келілік ісікті алып тастады

