Қазақстанда жаңадан салынатын көпқабатты тұрғын үйлерде қарт адамдарға арналған арнайы демалыс орындары пайда болуы мүмкін. Мәжіліс депутаттары әр пәтерге 0,8 шаршы метр аумақ қарастыруды ұсынып отыр. Бұл туралы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының мүшелері Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Депутаттардың айтуынша, бүгінде жаңа тұрғын үй кешендерін жобалау кезінде балалар мен спорт алаңдары міндетті түрде ескеріледі. Ал егде жастағы тұрғындардың бас қосып, бос уақытын өткізуіне арналған арнайы орындар көбіне қарастырылмайды.
Сондықтан жаңа үйлерде зейнеткерлер демалып, кітап оқып, үстел ойындарын ойнап, дене белсенділігімен айналысатын жеке кеңістік ашу ұсынылды. Мәселен, 100 пәтерлі үйде мұндай орынның көлемі 80 шаршы метр болуы мүмкін.
«Ең бастысы – мұндай орын кезекті коммерциялық нысанға айналмауы тиіс. Оның мақсатты мәртебесін заң жүзінде бекітіп, кейін сатуға немесе басқа мақсатта пайдалануға жол бермеу қажет», – делінген депутаттық сауалда.
Бұл кеңістіктерде дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер мен оңалту мамандары да тұрғындарды қабылдап, кеңес бере алады. Әзірге бұл ұсыныстар заңнамалық нормаға айналған жоқ. Оларды іске асыру мәселесі Үкімет деңгейінде қаралуы тиіс.
Тағы оқыңыз: СҚО-ның қос командасы мешіт қызметкерлері арасындағы турнирдің финалында кездесті

