Қазақстанда балалар арасындағы артық салмақ мәселесі алаңдатарлық деңгейге жетті. Елімізде 5 пен 9 жас аралығындағы балалардың 23,2%-ында артық салмақ анықталған. Яғни шамамен әрбір төртінші балада бұл мәселе бар. Мамандар мұндай жағдай болашақта қант диабеті мен жүрек-қантамыр ауруларының даму қаупін арттыратынын ескертеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Бұл деректер Астанада өткен «Саламатты мектеп» бірінші республикалық форумында айтылды. 2024 жылы жүргізілген мультииндикаторлы кластерлік зерттеу нәтижесі балалардың денсаулығына ерте жастан көңіл бөлу қажеттігін көрсетіп отыр.

Мамандарды алаңдатқан тағы бір көрсеткіш — балалар арасындағы 2-типті қант диабеті. 2025 жылы Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында осы аурудың 1104 жағдайы тіркелген. Оның 237-сі алғаш рет анықталған.

Артық салмақ тек сыртқы келбетке қатысты мәселе емес. Ол зат алмасудың бұзылуына, кейіннен қант диабеті мен жүрек-қантамыр ауруларының пайда болу қаупінің артуына байланысты.

Мамандардың айтуынша, мәселені шешу үшін баланың күнделікті өмір салтын өзгерту маңызды. Дұрыс тамақтану, жеткілікті қозғалу, спортпен айналысу және пайдалы әдеттерді қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталуы тиіс.

Сондықтан «Саламатты мектеп» бастамасы аясында мектеп асханаларындағы тағам сапасына, балалардың дене белсенділігіне және аурулардың алдын алуға ерекше назар аударылмақ. Бұл жұмысқа мұғалімдермен қатар ата-аналар мен медицина қызметкерлері де атсалысуы қажет.

Дегенмен мамандар тағы бір маңызды мәселеге тоқталды. Артық салмағы бар баланы көпшіліктің алдында сынауға, мазақ етуге немесе дене бітіміне байланысты кемсітуге болмайды. Мұндай әрекет баланың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін.

Ересектердің міндеті — баланы артық салмағы үшін кінәлау емес, оның дұрыс тамақтанып, белсенді өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау.

Мамандар баланың денсаулығы бір реттік тексерумен немесе қысқа мерзімді диетамен жақсармайтынын еске салады. Ең бастысы — отбасында да, мектепте де салауатты өмір салтын күнделікті әдетке айналдыру.

Тағы оқыңыз: СҚО-да ел аумағында заңсыз жүрген 120 шетелдік ұсталды

Поделиться:

Shares