СҚО-да абаттандыру ережесін бұзудың 12,5 мыңнан астам дерегі анықталды
СҚО-да жыл басынан бері абаттандыру ережелерін бұзған 478 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы 12,5 мыңнан астам адам қоршаған ортаға зиянын тигізген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Құқықбұзушылықтарды анықтау жұмыстары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жүргізілуде. Полицейлер өңір аумағында тұрақты рейдтер өткізіп, қоқыс тастау және аумақтарды күтіп ұстау талаптарының сақталуын тексеріп жатыр. Мәселен, Петропавлдағы айналма жол маңында құрылыс қалдықтарының ірі үйіндісі анықталды. Тәртіп сақшылары 53 жастағы қала тұрғынына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Полиция араласқаннан кейін ер адам қалдықтарды арнайы белгіленген полигонға шығарды.
Айта кетейік, абаттандыру ережелерін бұзған жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Полиция рейд барысында тұрғындарға заң талаптарын түсіндіріп, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Қоқысты заңсыз төгу және аумақтарды ластау фактілері бойынша 102 нөміріне хабарласуға болады.
СҚО-да абаттандыру ережесін бұзудың 12,5 мыңнан астам дерегі анықталды
«СҚО-да жыл басынан бері абаттандыру ережелерін бұзудың 12,5 мыңнан астам дерегі анықталды. Оның ішінде 478 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қалғаны бойынша ескерту жасалды», — деді СҚО ПД баспасөз қызметі.