Солтүстік Қазақстан облысында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 84 пайызы жиналып, 4,1 млн тонна астық бастырылды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Өңірде 2027 жылғы өнімге арналған тұқым қоры толық қалыптастырылған. Ал агротехникалық іс-шараларды жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 220 млрд теңгеге жетті.
Үкімет отырысында елдегі егін жинау науқанының жалпы барысы қаралды. Премьер-министр егін орағын сапалы әрі уақтылы аяқтау аграрлық салаға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі екенін атап өтті.
«Егін орағын сапалы әрі уақтылы өткізу – қойылған мақсаттарға қол жеткізудің басты шарттарының бірі», — деді Олжас Бектенов.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, республика бойынша бүгінге дейін 13,5 млн гектар астық алқабы немесе жалпы егіс көлемінің 83 пайызы жиналған. Сонымен қатар 2,4 млн тонна майлы дақыл, 2,5 млн тонна картоп, 2,9 млн тонна көкөніс және 2,3 млн тонна бақша өнімі жиналды. Қоймаларға қабылданған астықтың 74 пайыздан астамы үшінші және одан жоғары сыныпқа жатады.
Биыл ауыл шаруашылығы жұмыстарына 844,7 мың тонна дизель отыны бөлінген. Шаруалар үшін жанармайдың түпкілікті бағасы литріне 283-тен 310 теңгеге дейін белгіленді. Бұл нарықтағы бағадан 10–18 пайызға төмен.
Үкімет егін жинау науқаны аяқталғанша элеваторлар мен астық қоймаларының, сондай-ақ астық кептіру қуаттарының толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды. Экология министрлігі диқандарға ауа райы болжамын күн сайын беріп отыруы тиіс.
Премьер-министр 2027 жылғы егіс науқанына дайындықты қазірден бастауды тапсырды.

