Гүлшекер Есмиева — Жамбыл ауданының тумасы. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдағаннан. Еңбек жолын Новорыбинка жалпы орта білім беретін мектебінде бастаған. Содан бері 25 жыл бойы бір мектепте табан аудармай қызмет етіп келеді, деп жазады Qazaqstan Media.

Ширек ғасыр ішінде қаншама шәкіртке қазақ тілінің байлығын танытып, әдебиеттің тереңіне бойлатты. Оқушыларын түрлі олимпиадалар мен байқауларға дайындап, олардың арасынан жүлдегерлер де шықты. Бүгінде ол педагог-зерттеуші ретінде жинаған тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп келеді.

Ұстаздықты қыздары жалғастырған ана
Ұстаздықты қыздары жалғастырған ана

«Гүлшекер Есмиева ұжымда өте сыйлы. Мол тәжірибесімен үнемі бөлісіп, жас мамандарға бағыт-бағдар береді. Үлкенге де, кішіге де құрметпен қарайды. Қазақы тәрбиені бойына сіңірген, ізеттілігі мен адамгершілігі кейінгі буынға үлгі», — дейді әріптестері.

Ұстаз үшін мектептегі әр сабақ тек білім берумен шектелмейді. Оның ойынша, мұғалім баланың мінезі мен дүниетанымының қалыптасуына да жауапты.

«Ұстаз болу — ең жауапты мамандықтардың бірі. Сенің білімің ғана емес, балаға берген тәрбиең де оның болашағына әсер етеді. Оқушылар мұғалімнің жүріс-тұрысына, сөзіне, мінезіне қарап үлгі алады. Сондықтан ұстаз болу мектепке барып, 45 минут сабақ өткізіп шығумен ғана шектелмейді. Өмірде де үлгі бола білу керек», — дейді Гүлшекер Есмиева.

Новорыбинка орта мектебі — негізінен орыс тілінде білім беретін мектеп. Сондықтан қазақ тілін үйретудің өзіндік қиындығы да, қызығы да бар.

«Балалармен жұмыс істеу әрі қиын, әрі қызықты. Біздің мектеп орыс тілді болғандықтан, балаларға қазақ тілін үйретуге ерекше мән береміз. Оларға мемлекеттік тілдің маңызын, қазақ тілінің құдіреті мен байлығын түсіндіруге тырысамын. Бала тілді жақсы көрсе, оны үйренуге деген ынтасы да артады», — дейді ұстаз.

Гүлшекер Есмиева өткен жылы зейнеткерлік жасқа жеткен. Дегенмен мектеппен бірден қоштасуға асықпады. Биыл да жұмысын жалғастырып, өзі бірнеше жылдан бері жетекшілік етіп келе жатқан сыныбын мектептен түлетіп шығаруға шешім қабылдаған.

Ұстаздың еңбектегі жолы отбасындағы тәрбиемен де сабақтасып жатыр. Гүлшекер Есмиева — үш қыздың анасы. Анасының күн сайын мектепке асығып, оқушысына алаңдап, әр баланың жетістігіне қуанып жүргенін көріп өскен қыздарының үшеуі де кейін мұғалім мамандығын таңдаған. Бүгінде олар да білім саласында еңбек етіп жүр. Бір кездері аналарының шәкірті болған балаларға сабақ берген мектеп қабырғасы енді ана мен қыздардың ортақ еңбек ордасына айналған.

Бүгінде Гүлшекер Есмиева үш қызынан алты жиен сүйіп отыр. Әулеттегі ұстаздық жол мұнымен де тоқтамайтын секілді. Үлкен жиені әжесінің және анасының жолын қуып, болашақта педагог болуды мақсат еткен.

Тағы оқыңыз: Петропавлда бір аптада бірнеше адам балағат сөз айтып, адамға тіл тигізгені үшін жауапқа тартылды

Поделиться:

Shares