Қарттар күнінде аға буын өкілдеріне Петропавлда жүзеге асып жатқан тың жобалар көрсетілді. Қариялар төрт өндіріс ошағы мен демалыс орнын аралады, деп хабарлады Qazaqstan Media.
Ардагерлер барған алғашқы нысан — «Nord Panels» зауыты. Ағашты терең өңдейтін өндіріс ошағы жылына 50 мың текше метр өнім шығарады. Құйылған инвестиция көлемі сегіз млрд теңгеден асады.
«Eco Glade» саңырауқұлақ фермасы өткен жылдың соңында қолданысқа берілген. Жылына 2400 тонна шампиньон мен төрт мың тонна компост өндіре алады. Қариялар ауқымды кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Өндіріс орны польшалық жабдықтармен жарақтандырылған.
Жуырда ғана ашылған «Бейкертон» зауыты айына 10 млн тәтті тоқаш дайындауға қауқарлы. Өндіріс ошағына 37 млрд теңге инвестиция құйылған. Кәсіпорыннан шығатын өнімнің 98 пайызы Еуропаға жөнелтіледі. Зауытқа ресейлік беделді компания инвестиция құйған.
Қараша айында Петропавлда жүк көтергіш көлік жабдықтарын шығаратын зауыт ашылады. Жоба құны — төрт жарым млрд теңге. Мұнда алдағы уақытта көпірлі және эстакадалы крандар жасалады. Зауыттан шыққан өнімдер 500 тонна жүкті көтеруге қауқарлы
Аға буын өкілдері өндіріс ошақтарынан кейін Пестрое көлінің маңында салынып жатқан экопарктің құрылысымен танысты. Бірегей жобаның құны 3 млрд теңгеге жуықтайды. Алдағы уақытта мұнда 520 көлікке арналған автотұрақ, триатлон аймағы мен веложолақтар салынып, 200-ге жуық жарықшам орнатылады.
«Қарқын жаман емес. Ең бастысы, халық игіліне жұмыс істесе болғаны. Еліміз аман, жұртымыз тиыш болсын. Қазыналы қарияларымыз көп болсын!», — деді тыл ардагері Тілек Әбдірахманов.
Айта кету керек, қазіргі таңда облыста 102 мыңға жуық зейнеткер бар.
Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/sqo-da-zhrvi-zhuqtyrghandardyng-basym-boeligi-balalar/

