Солтүстік Қазақстан облысында бір аптада 2 631 адам жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырған. Алдыңғы аптамен салыстырғанда аурушаңдық 5,4%-ға өсті. Әсіресе балалар арасында вирус жиі тіркеліп отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
2025–2026 жылдардағы эпидемиологиялық маусымда өңірде ЖРВИ-дің 96 148 жағдайы тіркелген. Бұл алдыңғы эпидмаусыммен салыстырғанда 12,1%-ға аз. Алайда сырқаттанғандардың басым бөлігі – балалар. Жалпы жағдайлардың 62,5%-ы 14 жасқа дейінгі балалардың үлесіне тиесілі.
«Мамандар тұмау вирустарының таралуын да жеке бақылауда ұстайды. Өткен эпидемиологиялық маусымда зертханалық жолмен 221 жағдай расталды. Оның 132-сі ересектерден, 89-ы балалардан анықталды», – деді Солтүстік Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Кушбасов.
Жаңа эпидемиологиялық маусым 1 қазанда басталып, 30 сәуірге дейін жалғасады. Мамандар аурушаңдықтың ең жоғары деңгейі қыс айларына сәйкес келетінін ескертеді. Дәрігерлер ауру белгілері байқалған жағдайда үйде қалып, сырқаттанған балаларды мектеп пен балабақшаға жібермеуге кеңес береді. Сондай-ақ медициналық көмекке дер кезінде жүгіну қажет.
Емханаларда ЖРВИ және тұмау белгілері бар науқастар негізгі келушілерден бөлек, арнайы сүзгі кабинеттері арқылы қабылдануы тиіс.
Тағы оқыңыз: Тайынша ауданында 3,3 млрд теңгелік үш инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

