Петропавлда полицияның жол белгілерін орнатуы кәсіпкерлердің наразылығын туғызды. Мәселе Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында қаралды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Полицияның айтуынша, белгілер құқық бұзушылықтың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қойылған. Алайда кәсіпкерлер бұл шешімнің заңдылығына күмән келтіріп отыр. Әңгіме Петропавлдағы Интернациональная көшесі, 66 мекенжайында орналасқан ойын-сауық кешені туралы. Мұнда «Қазақстан» кинотеатры және бірқатар танымал демалыс пен қоғамдық тамақтану орындары орналасқан. Ғимарат иелері – «Big-Ben» ЖШС мен оның жалға алушылары қыркүйек айының басында кешен аумағына кіретін екі жолдың да жабылғанын байқаған.

Бір кіреберіске «Кіруге тыйым салынады» белгісі, яғни «кірпіш», ал екіншісіне «Қозғалысқа тыйым салынады» белгісі қойылған. Осының салдарынан автотұраққа келушілер, қызметкерлер, курьерлер мен такси көліктері кіре алмай қалған.

Жол белгілері қойылғаннан кейін көп ұзамай көліктерді тексеру шаралары басталған. 5 және 12 қыркүйекте полиция экипаждары аумаққа кірген көлік жүргізушілеріне айыппұл салып, көліктерді кері шығарған. Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері жағдайды зерттеп, жол белгілерінің заңсыз орнатылғанын айтып отыр. Палатаның кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Айдос Кенбейіловтің айтуынша, белгілер Петропавл қаласы полиция басқармасының 2026 жылғы 28 тамыздағы №212 нұсқамасы негізінде орнатылған. Ал нұсқаманы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі орындаған.

«Жағдайды саралай келе, жол белгілерінің орнатылуын заңсыз деп санаймыз. Себебі жол қозғалысы ережелерінде мұндай белгілерді қолданудың нақты жағдайлары көрсетілген. Мәселен, «Кіруге тыйым салынады» белгісі төрт жағдайда ғана қойылады. Олар – біржақты қозғалыстағы жолдарда, маршруттық көлікке арналған жолақтарда, жанармай құю станцияларында кіреберіс пен шығаберісті бөлу үшін және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерде. Кинотеатрға апаратын жол бұл талаптардың ешқайсысына сәйкес келмейді. Ал «Қозғалысқа тыйым салынады» белгісі жаяу жүргіншілер немесе тұрғын аймақтарда, апатты не қауіпті учаскелерде немесе бұқаралық іс-шаралар кезінде ғана орнатылады. Кинотеатрдың коммерциялық аумағында қауіпті учаске де, жаяу жүргіншілер өткелі де жоқ. Сондықтан бұл белгілер қысқа мерзім ішінде алынып тасталуы тиіс»», — деді ол.

Оның айтуынша, Кәсіпкерлер палатасы жауапты тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін көтеріп, лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісіне құқықтық баға беруді талап етпек. Отырыс барысында кәсіпкерлердің бұған дейін де Петропавл қаласы полиция басқармасына жол белгілерін алып тастау жөнінде өтініш білдіргені белгілі болды.

«Белгілерді алып тастау туралы өтінішіміз ескерусіз қалды. Полиция оларды жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жанжалдардың алдын алу мақсатында орнатқанын айтты. Біз мұның жеке кәсіпкерлік қызметке араласу екенін және заңсыз екенін түсіндірдік», – деді «Big-Ben» ЖШС өкілі Алексей Тетерин.

Ал «Ирландский паб» серіктестігінің директоры Дмитрий Матушков белгілердің орнатылуы кәсіпкерлердің жұмысына айтарлықтай қиындық туғызғанын айтты.

«Қауіпсіздік үшін белгілер қойылғанын қазір алғаш рет естіп отырмын. Біз мұнда екі жыл алты айдан бері жұмыс істеп келеміз. Осы уақыт ішінде менің есімде бірде-бір жол-көлік оқиғасы болған жоқ. Белгілер қойылған күні кірген көліктердің барлығына айыппұл салынды. Азық-түлік пен сусын жеткізушілер бізден қалай жұмыс істейтінін сұрап жатыр. Үлкен қораптар мен жәшіктерді көрші көшеден тасып жүру ешкімге ыңғайлы емес. Интернациональная немесе Әуезов көшелері жағынан да тоқтауға болмайды. Біз барлық жағынан оқшауланып қалдық», – деді ол.

Отырысқа қатысқан Петропавл қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Айдын Ахмағамбетов белгілердің азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қойылғанын растады. Алайда ол аталған учаскеде болған жол-көлік оқиғалары бойынша нақты статистика келтіре алмады.

«Аталған жол белгілері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік пен жаяу жүргіншілер арасындағы жанжалдардың алдын алу, келушілер көп жиналған кезде олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптің алдын алу мақсатында орнатылды. Қазіргі уақытта бұл жерде жол-көлік оқиғасы жоқ. Бірақ түнгі уақытта көліктердің көп жиналуына байланысты алдын алу шарасы ретінде осындай шешім қабылданды», – деп түсіндірді Айдын Ахмағамбетов.

Оның айтуынша, келушілер көліктерін көрші көшеге қойып, одан әрі жаяу жүре алады. Бұл пікірге Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес төрайымы Инесса Куанова қарсылық білдірді. Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың кез келген әкімшілік шешімі нақты заңды негізге сүйенуі керек.

«Ең алдымен заңды негіз болуы керек, содан кейін ғана әкімшілік шешім қабылданады. Ал қауіпсіздік пен алдын алуды сылтау етіп, бүкіл қаланы осындай екі белгінің астына қойып, көліктің қозғалысын толығымен тоқтатуға болады ғой», – деді Инесса Куанова.

Мәселені шешудің өзіндік нұсқасын Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілі Дархан Бакишев ұсынды. Оның айтуынша, белгілер полицияға түнгі уақытта демалушы жастар арасында туындайтын жанжалдардың алдын алу үшін қажет.

«Ол жерде түнде үнемі төбелестер болады, жастар демалады. Белгілер осы мақсатта қойылды. Бұл бизнестің жұмысын шектеу үшін емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін жасалды», – деді ол.

Алайда Кеңес төрайымы бұл уәждің жол белгілерін орнатуға қаншалықты қатысы бар екенін сұрады.

«Жаппай төбелес пен жол белгілерінің қандай байланысы бар? Адам көлігін көрші көшеге қойып, ішімдік ішіп алып, кейін аумаққа келіп төбелесуі мүмкін. Көлікпен жүруге тыйым салу төбелес мәселесін қалай шешеді?» – деді Инесса Куанова.

Отырыс барысында мәселенің заңдылығына прокуратура өкілі нақты баға береді деп күтілген. Алайда қалалық прокуратура бөлімінің прокуроры Владислав Кошелев әзірге полиция департаменті мен әкімдікке жолданған сауалдарға жауап күтіліп отырғанын айтты.

«Барлық жауаптарды алғаннан кейін қорытынды шешімге келеміз. Қазір нақты айтуға әлі ерте. Бірақ осы жерде айтылғандардан белгілердің құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қойылғаны түсінікті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі полицияның нұсқамасын орындамауы мүмкін емес, себебі бұл жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылуы ықтимал. Ал белгілерді орнату мәселесін полициядан артық кім біледі? Петропавл қаласы полиция басқармасынан жоғары тұрған департаменттің жауабын күтейік», – деді прокурор.

Осылайша, полиция жол белгілерін түнгі уақытта болатын жанжалдардың алдын алудың бір тетігі деп санаса, прокуратура олардың заңдылығына қатысты құжаттарды зерделеп жатыр. Ал кәсіпкерлердің айтуынша, белгілердің орнатылуы кешен аумағындағы кәсіпкерлік нысандардың жұмысына тікелей кедергі келтіріп отыр.

Қазір кешенге кіретін екі жолға шектеу қойылған. Ал үшінші кіреберіс арқылы өту әзірге мүмкін емес. Себебі бұл жерде көшпелі цирк орналасқан. Отырыс қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесі Петропавл қаласының прокуратурасына полиция нұсқамасының заңдылығына қатысты тексеруді жеделдетуді ұсынды.

Ал кәсіпкерлерге жол белгілерін тез арада алып тастау мүмкін болмаған жағдайда, өз құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғауға дайын болу ұсынылды.

Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/sqo-da-zhol-salasy-ardagerlerine-arnalghan-alleya-ashyldy/

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *