Солтүстік Қазақстан облысында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары соңғы кезеңге жетті. Өңірде жылу және электр желілерін жөндеу, қазандықтарды әзірлеу, отын қорын қалыптастыру жұмыстары жүргізілді. Атқарылған жұмыстар облыстық әкімдіктің кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Петропавлдағы 2-ЖЭО-да алты қазандық және алты турбоагрегат жөндеуден өтті. Қазіргі уақытта сегіз қазандық жұмысқа дайын. Бұл жылыту маусымының бастапқы кезеңіндегі жылу жүктемесін қамтамасыз етуге жеткілікті.
Қалада 5,2 шақырым жылу желісі тартылды. Жоспар бойынша бұл көрсеткіш 3,5 шақырым болған. Сондай-ақ 1373 шақырым электр желісі жөнделіп, 206 қосалқы станцияда тиісті жұмыстар атқарылды.
Аудандардағы қазандықтарды дайындауға биыл бюджеттен 819 млн теңге бөлінді. Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда екі орталық қазандық іске қосылды. Бұдан бөлек, сегіз қазандық жөнделіп, алты жаңа қазандық сатып алынды. Бір жарым шақырым жылу желісі қалпына келтірілді.
Петропавлдағы жылу желілерін дайындау жұмыстары осы аптаның соңына дейін аяқталуы тиіс.
«Өңір бойынша бүгінге дейін 413 мың тонна көмір әзірленді. Оның 244 мың тоннасын тұрғындар, 154 мың тоннасын бюджеттік ұйымдар алған. Орталық қазандықтарға 15 мың тонна көмір қарастырылған. Облыстың теміржол тұйықтарында 54 мың тонна отын қоры бар. Оның 14 мың тоннасы Петропавлда сақтаулы», — деді СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Әлішер Беспаев.
Жылыту маусымы облыста кезең-кезеңімен басталады. 25 қыркүйекте Есіл ауданында, 26 қыркүйекте Ғабит Мүсірепов ауданында жылу беріле бастайды. Ал 28 қыркүйектен Петропавл қаласы, Жамбыл және Мамлют аудандарында жылыту маусымы басталады. Қалған аудандарда жылу беру бірінші қазанға жоспарланған.
Әлеуметтік нысандарды жылумен қамту жұмыстары қазірдің өзінде басталды. Бүгінде облыстағы 23 әлеуметтік нысанға жылу берілді. Оның 5-еуі Петропавлда, 10-ы Жамбыл ауданында, 6-ы Ғабит Мүсірепов ауданында және 2-еуі Есіл ауданында орналасқан.
Тағы оқыңыз: «Тілсіз жануардың тілін табу — үлкен жауапкершілік»: ветеринар Бақытжан Кегенбаевтың еңбек жолы

