Солтүстік Қазақстанда студенттерді жаңа өндіріс орындарына қажет мамандықтар бойынша даярлау жоспарланып отыр. Бұл бағытта Kozybayev University, Шыңжаң ауыл шаруашылығы кәсіптік-техникалық университеті және қытайлық «Тайкунь» корпорациясы бірлесіп жұмыс істейді, деп жазады Qazaqstan Media.
Жергілікті университетте қытайлық серіктестермен кездесу өтті. Тараптар агроөнеркәсіп саласына мамандар даярлауға келісті.Жоспар бойынша студентте Қазақстанда да, Қытайда да білім алып, заманауи технологияларды меңгереді. Сондай-ақ «Тайкунь» корпорациясының кәсіпорындарында тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады. Жоғары курс студенттері үшін дуальды оқыту енгізілмек.
Алғашқы кезеңде бағдарламаға 20–30 студент қатысатын болады. Болашақта қос диплом беретін білім беру бағдарламасын іске қосу мәселесі де қарастырылуда.
«Біз студенттерді тек теория бойынша емес, нақты өндірісте қажет болатын дағдыларға үйреткіміз келеді. Оқу, тәжірибе және кейін жұмысқа орналасу бір жүйеге біріктіріледі», – деді Kozybayev University ректоры Ербол Исакаев.
Бірлескен жұмыстың тағы бір бағыты – Қазақстанда «Тайкунь» корпорациясы ашуды жоспарлап отырған кәсіпорындарға маман даярлау. Компания күнбағыс тұқымын өңдейтін зауыт, өсімдік майын, ақуыз және мал азығын өндіретін кәсіпорын ашуды қарастырып отыр. Жоба жүзеге асса, шамамен 80 жаңа жұмыс орны ашылады.
«Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз. Болашақта мұнда күнбағыс тұқымын өңдейтін зауыт ашуды жоспарлап отырмыз. Жоба шамамен 80 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деді «Тайкунь» корпорациясының өкілі Хэ Цзяньшэн.
Сонымен қатар Kozybayev University студенттерін «Тайкунь шәкіртақысы» бағдарламасы бойынша оқыту туралы меморандумға қол қойылды.
Тағы оқыңыз: «Таза Қазақстан»: 10 мыңға жуық қоқыс орны жойылды

