«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында еліміз бойынша 10 мыңға жуық қоқыс орны жойылды. Игі бастама қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, акция басталғалы бері республика көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, жеті миллионға жуық ағаш отырғызылып, елді мекендердегі аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру шаралары жүргізілді. Сонымен қатар, екі мыңнан астам волонтерлік жоба жүзеге асқан. Оған жастармен қатар түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен тұрғындар да атсалысқан.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта мектептерде 560 мыңнан астам сынып сағаты өткізілді. Оқушыларға табиғатты қорғау, қоқысты дұрыс сұрыптау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және қоғамдық орындардың тазалығын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ал азаматтардың экологиялық мәселелер туралы хабарлауына мүмкіндік беретін TazaQazBot жүйесі арқылы 57 мыңнан астам өтініш түскен. Өтініштердің басым бөлігі санитарлық жағдай, қоқыс орындары және аумақтарды абаттандыру мәселелеріне қатысты.

««Таза Қазақстан» акциясы тек сенбіліктер өткізумен шектелмей, елді мекендердің тазалығын тұрақты қамтамасыз етуге және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Министрлік өкілдерінің айтуынша, акция аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Негізгі мақсат – тазалықты уақытша науқан емес, қоғамның күнделікті мәдениетіне айналдыру», — деп хабарлады Экология министрлігі.

Тағы оқыңыз: Еңбек күні: СҚО-дағы заманауи фермада 48 адам жұмыс істейді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *