Петропавлда Web3 және блокчейн технологияларын дамытуға арналған «Solana Superteam KZ Meetup» шарасы өтті. Шараны «SKO Hub», «Tomorrow School» және «Solana Superteam KZ»бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Кездесуге IT мамандары, әзірлеушілер, стартаперлер, дизайнерлер, продакт-мамандар және заманауи технологияларға қызығушылық танытқан жастар қатысты. Қатысушылар Web3 экожүйесінің мүмкіндіктерімен танысып, саладағы өзекті бағыттар мен жаңа трендтерді талқылады. Жиынның негізгі бөлімдерінің бірі – жобаларды таныстыру болды. Әзірлеушілер мен командалар өз идеяларын ортаға салып, оларды одан әрі қарай дамыту бойынша сарапшылардан кеңес алды.
Сонымен қатар «Solana Superteam KZ»өкілдері әзірлеушілер мен стартаперлерге арналған гранттар, байқаулар, тағылымдамалар және практикалық жобалар жөнінде ақпарат берді. Шара барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, жаңа байланыстар орнатты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер Солтүстік Қазақстандағы IT қауымдастығын дамытуға және жастардың заманауи технологияларға қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
«Блокчейн технологиясы — ақпаратты бір ғана серверде емес, көптеген компьютерде қатар сақтауға мүмкіндік беретін цифрлық жүйе. Қарапайым тілмен айтқанда, оны ортақ электронды журнал деп елестетуге болады. Заман игіліктерін жастар барынша меңгерсе екен дейміз», — деді «Solana Superteam KZ Meetup» қауымдастығының менеджері Максим Афанасьев.
Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/134779-2/

