Солтүстік Қазақстан облысында күн райы қайта бұзылады. Жауын-шашын түсіп, жел күшейеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Түнде облыстың батысы мен солтүстігінде тұман түседі. Соның салдарынан жолдардағы көріну қашықтығы төмендеуі мүмкін. Сондықтан жүргізушілерге сапар кезінде ауа райының қолайсыз жағдайын ескерген жөн.
Тағы бір қауіп – қатты жел. Өңірдің батысы, солтүстігі және оңтүстігінде жел екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетуі ықтимал. Петропавлда да жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде тұман түсуі мүмкін. Желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін күшейеді.
Жауын-шашынға қарамастан, Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігі мен шығысында өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады. Жалпы, алдағы күндері Қазақстан аумағындағы ауа райына солтүстік-батыс циклоны мен атмосфералық фронттар әсер етеді.
Солтүстік және шығыс өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді. 16-қыркүйектен бастап жауын-шашын елдің батыс өңірлеріне де жетеді. Ал 17-қыркүйекте кей жерлерде нөсер жаңбыр мен бұршақ жаууы мүмкін.
«Сонымен қатар елдің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Солтүстік және орталық өңірлерде күндіз ауа температурасы біртіндеп +20…+27 градусқа дейін көтеріледі. Шығыста +18…+25, батыста +19…+30, ал оңтүстік-шығыста +22…+28 градусқа дейін жылы болады», — деп хабарлады Қазгидромет.
Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/15-qyrkuejekke-dejin-uelgerw-kerek-kimder-deklaraciya-tapsyrwgha-mindetti/

