Солтүстік Қазақстан облысы 2025 жылы жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан айтарлықтай асып түскен өңірлердің қатарында болды. Ал Чкалов метеостанциясында қатты жел 20 сағат 56 минут бойы үздіксіз соққан. Бұл туралы 2025 жылғы қоршаған ортаның жай-күйі және табиғи ресурстарды пайдалану туралы ұлттық баяндамада айтылған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Баяндама дерегінше, былтыр Қазақстан бойынша жылдық жауын-шашын мөлшері климаттық норманың 93%-ын құрады. Алайда өңірлердегі жағдай біркелкі болмаған.

Солтүстік Қазақстан облысында жауын-шашын мөлшері норманың 125%-ына жеткен. Яғни өңірде қалыпты көрсеткіштен шамамен 25% артық ылғал түсті. Павлодар облысында бұл көрсеткіш 131%, Шығыс Қазақстанда 118% болған. Ал еліміздің оңтүстік өңірлерінде, керісінше, жауын-шашын тапшылығы байқалған.

СҚО қатты жел жиі тіркелген өңірлердің де қатарында. 2025 жылы Қазақстан бойынша жел жылдамдығы секундына 30 метр және одан жоғары болған 78 жағдай тіркелсе, оның алтауы Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі.

Ел бойынша қатты желдің ең ұзақ үздіксіз соғуы да СҚО-да тіркелген. Чкалов метеостанциясында жел 20 сағат 56 минут бойы басылмаған.

Жалпы, мамандар Қазақстан аумағының жылыну қарқыны жоғары екенін атап отыр. «Қазгидромет» дерегіне сәйкес, 1976-2025 жылдар аралығында елдегі ауа температурасы әр он жыл сайын орта есеппен 0,4 градусқа көтерілген.

2025 жылдың орташа жылдық температурасы климаттық нормадан 2,96 градус жоғары болып, 1941 жылдан бергі ең жылы жыл ретінде тіркелді. Әсіресе көктем ерекше жылы болған: республика бойынша температура климаттық нормадан 4,12 градусқа жоғарылаған.

Мамандар ұзақ мерзімді жылыну топырақтағы ылғалдың тез жоғалуына, өсімдіктердің ерте қурауына және табиғи өрт қаупінің артуына әсер ететінін атап көрсеткен. 2025 жылы Қазақстанда барлығы 135 қауіпті гидрометеорологиялық құбылыс тіркелді. Олардың басым бөлігі — қатты жел, нөсер жаңбыр, тұман және боран.

Тағы оқыңыз: СҚО-да ет тартқышта қолын жарақаттаған ер адамға ота жасалды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *