Уәлиханов ауданында сайлау күні отбасы құндылығы мен азаматтық жауапкершілік үндескен тағы бір ерекше сәт болды. Кішкенекөл ауылындағы №525 сайлау учаскесіне Ханибек Сұлтанұлы Шаимов пен Фатима Нұрмұханқызы Шаимова келіп өз таңдауларын жасады. Олар аудандық «Мерейлі отбасы – 2026» байқауының жеңімпаздары, деп жазады Qazaqstan Media.
Шаимовтар әулеті Уәлиханов ауданында еңбегімен және қоғамдық белсенділігімен танылған отбасылардың бірі. Биыл олардың шаңырағы аудандық «Мерейлі отбасы – 2026» байқауында үздік деп танылды. Сондықтан ерлі-зайыптылардың сайлау учаскесіне бірге келіп, азаматтық таңдау жасауы отбасының өмірлік ұстанымдарының тағы бір көрінісіне айналды.
Шаимовтар отбасы сайлауды ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси үдеріс деп санайды. Олардың пікірінше, мемлекет болашағына қатысты шешім қабылданатын сәтте әр азамат өз таңдауын жасап, дауыс беруге белсенді қатысуы қажет.
Бұл отбасының тарихы ауданның тыныс-тіршілігімен бірнеше ондаған жыл бойы сабақтасып келеді. Әулет мүшелері туған жердің дамуына әр салада еңбек етіп, өз үлестерін қосып жүр. Ауыл шаруашылығы, білім беру, спорт пен қоғамдық өмір – Шаимовтар әулетінің еңбегі мен бастамалары көрініс тапқан бағыттардың қатарында.
Алайда әулетті біріктіретін басты құндылық – мамандық немесе қызмет емес. Ол- үлкенге құрмет пен кішіге өнеге көрсету. Туған жерге сүйіспеншілік, адал еңбек, жауапкершілік, өзара қолдау, білімге ұмтылу.
Сайлау күні Ханибек Сұлтанұлы мен Фатима Нұрмұханқызының бірге келіп дауыс беруі де осы азаматтық ұстанымның бір көрінісі болды. «Мерейлі отбасы» атанған шаңырақ бұл жолы өз үлгісімен отбасы құндылығы туған жер мен ел алдындағы жауапкершіліктен басталатынын көрсетті.
Тағы оқыңыз:«Дауыс» байқ аушылары: СҚО-да сайлау қалыпты жағдайда өтіп жатыр

