Тамыздың соңғы онкүндігі – жаз бен күздің тоғысқан шағы. Күндіз күн әлі де қыздырғанымен, түн ұзарып, таңғы салқын сезіле бастайды. Қазақ халқы ертеден дәл осы кезеңдегі табиғат құбылыстарына ерекше мән берген. Аспанға, ағаштың жапырағына, құс пен жануардың мінезіне қарап, күздің ерте не кеш түсетінін, жауын-шашын мен алдағы қыстың қандай болатынын болжаған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Халық арасында «Таразы туса, таң суыр» деген сөз бар. Таразы жұлдызы жаздың соңына қарай таң алдында көріне бастаған кезең табиғаттағы маусымдық өзгеріспен байланыстырылған. Осы уақыттан бастап таңғы салқын күшейіп, жаздың аптап ыстығы біртіндеп қайта бастайды деп есептеген. Таң салқындап, шық мол түсіп, түн ұзара бастаса, мұны күздің жақындағанының белгісі санаған.
Күннің батуына қарап ертеңгі ауа райын болжаған
Қазақ халқы күннің қалай батқанын да бақылаған. Халықтық болжам бойынша, күн қызыл шапаққа малынып батып, кешкі аспанды мұнар басса, келесі күні күн ыстық болуы мүмкін.
Ал күн батар кезде оның айналасында шеңбер немесе «құлақ» тәрізді сәуле байқалса, мұны ауа райының бұзылуы мен жауын-шашынның белгісіне балаған.
Аққайың күздің келгенін бірінші «айтады»
Халықтық бақылауда ағаштар да өзіндік «табиғи күнтізбе» саналған. Соның ішінде аққайыңға ерекше назар аударған. Оның жапырағы басқа ағаштарға қарағанда ертерек сарғая бастаса, күздің жақындағанының белгісі деп қабылдаған.
Аққайыңнан алғашқы сары жапырақ үзіліп, ауада біраз қалықтап барып жерге түссе, таяу күндері ауа райы бұзылады деген ырым болған. Жалпы жапырақтардың әдеттегіден ерте сарғаюын халық күздің ерте түсуімен байланыстырған.
Жануарлардың мінезі де белгі берген
Ауа райын болжауда төрт түлік пен жабайы жануарлардың әрекетіне де мән берілген. Мәселен, бұғы немесе арқар мүйізін ағаш пен тасқа қайта-қайта үйкесе, күз жылдағыдан ерте түсіп, салқын болады деп жорыған.
Тауық пен кекіліктің қауырсыны үрпиіп, айдары қызарса, күн суытып, жауын жауады деген болжам бар.
Бақаның мінезіне қатысты да ырым кездеседі. Егер бақалар кешкі уақытта ұзақ бақылдап, судан алысырақ шығып дауыс шығарса, халық мұны жылы әрі жайлы ауа райының белгісі санаған.
Өсімдіктер де назардан тыс қалмаған. Тікенді өсімдіктер мен алаботаның сабақтары төмен қарай иіле бастаса, күн салқындайды деп болжаған.
Сауысқаннан қыстың қандай болатынын болжаған
Күздің алғашқы күндерінен бастап сауысқан ескі үйлер мен шатырларды торуылдап, жиі шықылықтаса, халық алдағы қыс қатты болады деп жорыған.
Мұның түсіндірмесі де қызық: құс қыстың суығын алдын ала сезіп, күзден бастап ықтасын әрі жылы ұя іздейді деген түсінік қалыптасқан.
Саңырауқұлаққа қатысты да болжам болған. Орман-тоғайда саңырауқұлақ аз шыққан жылды алдағы қыстың суық әрі қатал болуымен байланыстырған.
Мизам шуақ қашан келеді?
Жаз аяқталғанымен, күз бірден суық болып кетпейді. Қазақ халқы күздегі қайта оралған жылы әрі шуақты күндерді «мизам шуақ» деп атаған.
Бұл кезеңде күндіз ауа қайта жылып, аспан ашық болып, табиғат бір сәтке жазға қайта оралғандай күйге енеді. Халық оны күздің жайма-шуақ кезеңі әрі қыс алдындағы соңғы жылы күндер деп қабылдаған.
Тағы оқыңыз: Дамир Абдин: «Құрылтайда қабылданатын шешімдер жастар саясатын одан әрі дамытады»

