Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер «Астана – Петропавл» автожолында қауіпті маневр жасаған жүргізушіні анықтады. Оны тәртіп сақшылары әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жол жамылғысы жөнделіп жатқан учаскеде көлік қозғалысы бір жолақпен екі бағытта кезекпен ұйымдастырылған. Осыған байланысты бұл жерде көлік ағыны тығыз. Соны біле тұра «ВАЗ-2107» автокөлігінің 35 жастағы жүргізушісі бірнеше рет басып озуға әрекет жасағана. Ол қарсы бағыттағы машиналардың қозғалысына кедергі келтіріпті.
Тәртіп сақшылары жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты. Апаттық жағдай туғызғаны үшін оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Ол бұл әрекетті бір жыл ішінде тағы қайталаса көлік басқару құқығынан алтты айға айырылады.
«Жыл басынан бері СҚО жолдарында 287 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 25 адам қаза тауып, 414 адам жарақат алған. Жайсыз жайттардың басым көпшілігі республикалық автожолдарда орын алған», — деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Дамир Абдин: «Құрылтайда қабылданатын шешімдер жастар саясатын одан әрі дамытады»

