Мұғалімдер жоғары құрмет пен қошеметтің қай-қайсысына болсын лайықты. Қызылжар ауданында Ұстаздар күніне орай салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ұстаз десе толқымайтын жүрек, туламайтын қан болмас. Бұл өмірде мұғалім алдынан өтпеген жан жоқ. Ұстаз – екінші анамыз, бізге сапалы білім беріп, асқақ армандарға жетелейтін ардақты жан. Салтанатты кеш барысында еліміздің білім беру саласын дамытуға ат салысқан педагогтарды төл мерекелерімен аудан әкімі Бейбіт Исманов құттықтады.
«Құрметті ұстаздар сіздерді кәсіби мерекелеріңіз мұғалімдер күнімен құттықтаймын. Ұстаздық ұлы құрмет, себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз», — деді аудан әкімі.
Жиында білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар маман ауданы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен марапатталды. Красноярка негізгі мектебінің директоры Ольга Михайлова саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған. Анасы — өлкетанушы Вера Яворскаяның ізін жалғап, география бағытын таңдаған. Салада белсенділігімен танылған педагог туған өлке табиғатын зерттеуге бет бұрып жүр. Бүгінде «Красноярдың жеті кереметі«, «Ауылдың Қызыл кітабы» секілді жобалары бар.
«Мен педагогикалық әулеттің өкілімін. Мектепке, балаларға деген махаббат қанымда бар. Әсіресе өлкетану, экология, география бағыттарын жаным сүйеді. Еңбегімнің жоғары бағаланғанына өте қуаныштымын. Барлық әріптестеріме мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін!», — деді марапат иесі.
Қазіргі таңда Қызылжар ауданында 40-қа жуық мектепте жеті мыңнан аса оқушы білім алады. Оларға екі мыңнан аса мұғалім тәлім береді.
Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/sqo-gha-germaniyadan-165-bas-asyl-tuqymdy-iri-qara-aekelindi/

