Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтардан сақтануға көмектесетін арнайы WhatsApp чаттар жұмыс істей бастады. Олар зейнеткерлерге, мұғалімдер мен медицина қызметкерлеріне арналған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Полицейлер үш арнайы топ құрған. Онда тұрғындарға алаяқтардың қандай айла қолданатыны, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларды қалай ажыратуға болатыны туралы күн сайын ақпарат жіберіледі.
Чатта тек ақпарат алып қана қоймай, сұрақ қоюға да болады. Топтарда полиция, прокуратура және мемлекеттік органдардың мамандары бар. Олар күмәнді жағдай туындаса, тұрғындарға кеңес береді.
Арнайы чаттарға қосылуға арналған QR-кодтарды полицейлер профилактикалық кездесулер кезінде таратып жүр. Осындай жұмыс Петропавлдағы Сәтбаев көшесінде өткен бірыңғай профилактика күні кезінде де жүргізілді. Тәртіп сақшылары егде жастағы тұрғындарға зейнеткерлерге арналған топқа қосылуды ұсынды.
Мұндай жұмыстың қолға алынуы бекер емес. Полиция мәліметінше, қашықтан жасалатын алаяқтық құрбандарының әрбір төртіншісі — зейнеткер.
Жыл басынан бері СҚО-да интернет-алаяқтарға 363 адам алданып қалған. Олардың 88-і — зейнеткер. Қазір арнайы WhatsApp чаттарға шамамен 400 зейнеткер, 500 медицина қызметкері және 300 педагог қосылған.
Полицейлер тұрғындарға бейтаныс адамдарға банк картасының деректерін және SMS арқылы келген кодтарды айтпау керектігін ескертеді. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерді ашпауға және белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауларға сақ болуға шақырады.
Тағы оқыңыз: «Қызылжар» ФК ойыны сайлауға байланысты кейінге шегерілді

