Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқу мерзімі қысқара беретінін, ал жоғары білім беруде жаңа икемді және гибридті форматтар енгізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол бүгін Үкіметте өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі «Tengri Education» сілтеме жасап.
Журналистер шара барысында министрден технологиялардың қазіргі даму қарқынын ескерсек, дәстүрлі төрт-бес жылдық оқу мерзімі тым ұзақ емес пе деп сұрады. Оған министр былай деп жауап берді.
«2022 жылдың өзінде біз бір маңызды істі атқардық — мемлекеттік білім беру стандартын өзгерттік. Қазір мазмұнның 92 пайызына дейін жоғары оқу орындары өздері айқындай алады, өзгерте алады, оның ішінде оқу ұзақтығы да бар», — — деді спикер.
Министр мысал ретінде Нархоз университетіндегі пилоттық жобаны келтірді. Оның айтуынша, білім ордасындаеы бакалавриатта оқу мерзімі 2,5–3 жылға дейін екен.
«Университет оқу мерзімдерімен де біртіндеп жұмыс істей бастады. Төрт жыл оқу тым ұзақ болатын белгілі бір мамандықтар бойынша эксперимент жасап жатыр, өйткені ЖИ (жасанды интеллект) саласында мазмұн шынымен де өте тез өзгереді», — деп түсіндірді ол.
Министрдің айтуынша, болашақта оқу мерзімдері қысқарады. Жаңа икемді, гибридті форматтар пайда болады. Министрлік бұл үшін нормативтік базаны дайындап қойған. Пилоттық жобалар сынақтан өткізілген.
Тағы оқыңыз: «Қызылжар» ФК ойыны сайлауға байланысты кейінге шегерілді

