Солтүстік Қазақстан облысындағы мың оқушы үшін бірінші қыркүйекте алғашқы қоңырау соғылады. Ал екі ауылдың білім ұясында енді қоңырау үні ешқашан шықпайтын болады. Қандай білім беру ұйымдары және не себепті жабылатыны туралы Qazaqstan Media материалынан біле аласыздар.
Биыл Тимирязев ауданындағы Целинная және Ленинская бастауыш мектептерін жабу жоспарланып отыр. Оның басты себебі — оқушылардың болмауы.
«Екі мектепті жабу туралы шешім олардың қазіргі уақытта оқушылары жоқ болуына байланысты қабылданды. Сондықтан олар белгіленген нормативке сәйкес келмейді. Мектепте кемінде бес оқушы болуы керек», — деді Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова.
Ал өңірдегі сегіз мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жөндеу жұмыстары Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылындағы №1 және №2 орта мектептерде, Смирново ауылындағы №1 орта мектепте, сондай-ақ, Соколовка, Ленин, Әуезов мектептерінде және Шал ақын ауданындағы Е. Бөкетов атындағы мектеп-гимназиясында жүргізілуде.
Бұл мектептерде жылыту, сумен жабдықтау, кәріз, желдету және электр жүйелері жаңартылуда. Сонымен қатар шатырлар, қасбеттер мен кіреберіс топтары жөнделіп, заманауи өрт дабылы жүйелері орнатылуда. Барлық жұмысты Білім күніне дейін аяқтау жоспарланған.
Жаңа оқу жылында облыста барлығы 439 мектеп оқушыларды қабылдайды. Білім басқармасының мәліметінше, бірінші қыркүйекке дейін олардың барлығы толық дайын болады. Айта кетейік, былтыр облыста бес мектеп жабылған.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысындағы білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 1,1 млрд теңгеден астам қаржы бағытталады. Бұл қаражат тек мектептерге ғана емес, балалар үйлеріне, колледждерге және басқа да білім беру ұйымдарына бөлінеді.
Қазіргі таңда өңірдегі 439 мектепте 11 384 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 4100-і ғимараттардың сыртында, ал 7284-і ішінде жұмыс істейді. Жабдықтардың басым бөлігі — 8189 камера — цифрлық.
«352 мектеп хабарландыру жүйесімен жабдықталған, ал 351 мектепте дабыл түймесі бар. Сонымен қатар терроризм тұрғысынан осал нысандар санатына жататын 285 мектептің барлығы осы жүйелермен толық қамтылған», — деді Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова.
Кіруді бақылау жүйесі 105 мектепте орнатылған. Оның 42-сінде Face ID жүйесі, тағы 45 мектепте RFID карталық жүйесі қолданылады. Қауіпсіздікке де ерекше көңіл бөлінуде. 92 мектепте мамандандырылған күзет қызметі жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, орта білім беру ұйымдарында 170 қол металл іздегіш бар, ал 289 нысан жедел басқару орталықтарына қосылған.

