Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамытуға арналған жаңа бағдарламалар іске асырыла бастады. Өңірде 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспар бойынша комиссияның алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
«Игілік» және «Береке» бағдарламалары бойынша СҚО-ға 15,038 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат шаруаларға жеңілдетілген несие ретінде беріледі. Оған асыл тұқымды мал сатып алуға болады. Қазір «Солтүстік» ӘКК-ге алты жоба түсті. Олардың жалпы құны — 4,94 млрд теңге. Шаруалар осы қаражатқа 2695 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алуды жоспарлап отыр. Оның ішінде ет және сүт бағытындағы мал бар. Тағы екі жоба дайындалып жатыр. Олардың құны — 1,73 млрд теңге. Бұл жобалар бойынша 860 бас ірі қара сатып алу жоспарланған.
Жалпы қазір сегіз жоба бар. Олардың құны шамамен 6,7 млрд теңге. Жобалар жүзеге асса, облысқа 3555 бас асыл тұқымды ірі қара әкелінеді. Комиссия әр шаруашылықтың жағдайын тексереді. Малға жеткілікті жемшөп болуы керек. Қора-жай, жайылым және шабындық та ескеріледі. Шаруашылық сатып алған малды дұрыс күтіп-бағуға дайын болуы тиіс.
Бағдарламаның мақсаты — мал санын көбейту. Сонымен қатар ет пен сүт өндірісін арттыру көзделген. Бұл қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді. Комиссия мақұлданған жобаларды қаржыландыруды тездетуді тапсырды. Ал құжаттары әлі дайын емес шаруашылықтар қажетті рәсімдерді аяқтауы керек. Алдағы уақытта жаңа жобалар да қаралады. Аудандарда бағдарламаға қатыса алатын тұрақты шаруашылықтарды іріктеу жалғасады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да үш ауысымда оқитын меткеп әлі де бар

