5-тамыз — отандық Медиация күні. Айтулы датаға орай Достық үйінде дөңгелек үстел шарасы өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Өңірде медиация институты 2016 жылы белсенді дами бастады. Қазір облыста қос тарапты табыстырып, бітімгерлікке шақыратын 200-ден астам медиатор бар. Олардың басым бөлігі — жоғары білімі бар кәсіби мамандар.
«Елімізде 30-дан астам медиация ұйымы бар. 2 мыңнан астам кәсіби медиатор жұмыс істейді. Ал қоғамдық медиаторлардың саны 1800-ге жуықтайды. Мен биыл отбасылық жанжалға байланысты 100 медиативтік істі қарадым. Оның 80-пайызы өзара бітіммен аяқталды», — деді кәсіби медиатор Гүлбақша Мұсабаева.
Гүлбақша Мұсабаеваның сөзінше, елімізде медиация институты пайда болғанда халық аса мән бере қоймапты. Көбі батыстан келген жаңашылдық, еш пайдасы жоқ деп бойұсынбаған. Уақыт өте келе институт өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазіргі таңда елімізде арыздардың 30 пайызы медиаторлардың көмегімен шешіледі.
Медиация — қазақ елінің тұрмыс салтында баяғыдан бар сот жүйесінің бір түрі. Мәселен бұрын дау-дамайды билер шешетін болса, қазір оларды медиаторлар алмастырды. Тағылымы мол шараға сот төрағалары да арнайы шақыртылған. Олар үшін де медиацияның маңызы зор екен.
«Биыл сотқа мыңға жуық арыз келіп түсті. Оның 50 пайызы — ажырасу бойынша. Біз әр істі жіті қарап шыққаннан кейін, тараптарды шақырамыз. Баланың құқығы мен психикасы бұзылмасы үшін бітімге келулерін сұраймыз», — деді СҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Арай Әбілмәжінова.


