Петропавлда кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға 30-дан астам жұмыс беруші қатысып, қала тұрғындарына 750-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңкеде тұрақты жұмысқа орналасумен қатар, мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы да кеңес берілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Биылғы жәрмеңкеге өндіріс, көлік, мемлекеттік қызмет және бизнес салаларындағы жұмыс берушілер қатысты. Ең көп сұранысқа ие мамандықтардың қатарында слесарь, электргаздәнекерлеуші, қырнаушы, жүргізуші, механик, есепші, заңгер және менеджерлер бар.
Ұсынылған жалақы мөлшері мамандыққа, біліктілікке және еңбек жағдайына қарай 120 мыңнан 450 мың теңгеге дейін жетеді.
Жәрмеңкеде жұмыс іздеушілер бос жұмыс орындарымен танысып қана қоймай, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, «Күміс жас» бағдарламасы, қысқа мерзімді оқыту және кәсіп бастауға арналған мемлекеттік гранттар бойынша кеңес алды.
Ірі жұмыс берушілердің бірі – «Севказэнерго» АҚ. Компания жәрмеңкеге 450 бос жұмыс орнын ұсынды. «Севказэнерго» АҚ қызметкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Нелля Кимнің айтуынша, мұндай кездесулер жұмыс берушілер үшін де тиімді.

«Біз әрдайым бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысамыз. Қазіргі таңда компанияда жұмысшы мамандықтардан бастап жетекшілік қызметтерге дейін 450 бос орын бар. Осындай іс-шара барысында кем дегенде екі адамды жұмысқа қабылдай алсақ, оны жақсы нәтиже деп есептейміз. Жұмысқа орналасқан үміткерлерден бос жұмыс орны туралы қайдан білгенін сұраймыз. Көпшілігі жәрмеңкеде естігенін айтады. Сондықтан мұндай іс-шараларды ашық алаңда өткізсе, тұрғындар үшін де, жұмыс берушілер үшін де қолжетімді болар еді», – дейді Нелля Ким.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жәрмеңке офлайн форматпен қатар Enbek.kz платформасында да қолжетімді. Осылайша, жұмыс іздеушілер кез келген уақытта бос жұмыс орындарымен танысып, түйіндемесін жолдай алады.

Тағы оқыңыз: Петропавлда жүргізуші куәлігін алу үшін практикалық емтихан уақытша тоқтатылады

