Петропавлдағы Пестрое көлінің жағасындағы «Қызылжар» экопаркі біртіндеп тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып келеді. Қала тұрғындары жаңа аллеяларда серуендеп, велосипед теуіп, кешкі уақытын көл жағасында өткізсе, билік келесі жобаны қолға алмақ. Экопарк аумағында заманауи аквапарк салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Аквапарк Түркиядан келетін әлеуетті инвестормен бірлесіп салынбақ. Шетелдік компанияның мұндай жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі бар. Құрылысқа арналған жер телімі де анықталған.
«Алдын ала жобаға сәйкес, шамамен екі мың адамды қабылдай алатын заманауи демалыс аймағы салынады. Инвестиция көлемі 1,5–2 миллион АҚШ доллары шамасында бағаланып отыр. Құрылыс жұмыстарын биыл бастау, ал нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған», – деді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.
Қала әкімінің айтуынша, жаңа нысан қаланың инфрақұрылымын дамытудағы кезекті маңызды қадам болмақ.
Еске салайық, маусымдық аквапарк салу мәселесі өткен жылы да көтерілген болатын. Сол кезде бұл нысанның құрылысын Green Park демалыс аймағының меншік иесі жүзеге асырады деп жоспарланған еді.
Тағы оқыңыз: Қайрат Пішенбаев: Құрылтай сайлауы – ел дамуының жаңа кезеңі

