14–17 шілде аралығында Петропавл қаласында жалға берілетін тұрғын үйлерді тексеруге бағытталған рейдтік іс-шаралар өтуде. Учаскелік полиция инспекторлары Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, тұрғын үйді заңсыз жалға беру деректерін анықтап, қоғамдық тыныштықты бұзу фактілерінің жолын кесуде, деп жазады Qazaqstan Media.
Рейд барысында мобильді топтар тәуліктік жалға берілетін және көршілерден жиі шағым түсетін пәтерлерге ерекше назар аударуда.
Полицейлердің айтуынша, тұрғын үйді бақылаусыз жалға беру қала қауіпсіздігіне кері әсер етеді. Тіркелмеген пәтерлерде іздеуде жүрген адамдардың жасырынуы, түрлі құқық бұзушылықтардың жасалуы мүмкін. Сонымен қатар мұндай пәтерлерде ұйымдастырылатын шулы отырыстар көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарының тыныштығын бұзады.
Заң талаптарын бұзған азаматтар тіркеусіз тұрғаны және салық төлеуден жалтарғаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Полиция пәтер иелеріне тұрғын үйді заң талаптарына сәйкес жалға беріп, бұл туралы учаскелік полиция инспекторына уақытылы хабарлау қажеттігін еске салады. Бұл қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі екені атап өтілді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда түркиялық инвестор 2 миллион долларға аквапарк салады

