Петропавлдағы Заречный кентінің тұрғындарын көшіру қашан аяқталады және үлкен үйлердің өтемақысына шектеу қойыла ма? Бұл сұрақтар қала әкімі Серік Мұхамедиевтің тұрғындармен есептік кездесуінде көтерілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қала басшысы Заречный кентінің тұрғындарын жаңа жылу беру маусымы басталғанға дейін толық көшіру жоспарланып отырғанын жеткізді. Кент тұрғындары көшу мерзіміне алаңдайтындарын айтып, үйінің аумағы үлкен болса, толық өтемақы төлене ме деген сауал қойды. Қала әкімі өтемақы мөлшеріне ешқандай шектеу қойылмайтынын айтты.
«Әрбір үйдің құнын тәуелсіз бағалау компаниясы қолданыстағы әдістеме бойынша анықтайды. Бағалау қорытындысына сәйкес меншік иелеріне өтемақы төленеді», – деді Серік Мұхамедиев.
Еске салсақ, 2024 жылдың көктемінде болған ірі су тасқынынан кейін Заречный кентіндегі 189 үй апатты деп танылды. Соның салдарынан жүздеген адам баспанасыз қалды. Ол кезде шағын ауданда 160 пәтер, 90 жеке тұрғын үй, мектеп және түзету мекемесі орналасқан болатын.
Тұрғындардың бір бөлігі жаңа пәтерлер мен үйлерге қоныстанса, енді бірі баспаналарын өз қаражатына қалпына келтірді. Өткен жылдың желтоқсан айында Жас Өркен шағын ауданында 90 пәтерлі жаңа тұрғын үй салынып, оған Заречный кентінің бірқатар тұрғындары көшірілді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда итті пышақтап өлтірген ер адамға рақымшылық жасалды

