Петропавлда ақын, журналист, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Әкімжановтың 75 жылдығына арналған «Ақиқаттан айнымайған ақын» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара барысында қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған естеліктер жинағының тұсауы кесілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Басқосуға ақын-жазушылар, ғалымдар, журналистер, қоғам қайраткерлері мен қаламгердің туыстары қатысты. Конференцияда Зейнолла Әкімжановтың әдеби мұрасы, азаматтық ұстанымы мен журналистік қызметі жан-жақты талқыланды.

Шараның маңызды сәттерінің бірі – «Ақиқаттан айнымайған ақын» атты естеліктер жинағының тұсаукесері болды. Кітаптың жарық көруіне мұрындық болған ақын, журналист, Зейнолла Әкімжановтың жерлесі Самрат Құскенов жинақтың екі жыл бойы дайындалғанын айтты.

Петропавлда Зейнолла Әкімжанов туралы естеліктер жинағының тұсауы кесілді
Петропавлда Зейнолла Әкімжанов туралы естеліктер жинағының тұсауы кесілді

«Бұл кітапқа академик Рымғали Нұрғали, Қазақстанның халық жазушысы Сафуан Шаймерденов бастаған белгілі қаламгерлердің естеліктері енгізілді. Жалпы жинаққа 72 автордың материалы енді. Олардың қатарында ақынның замандастары, әріптестері, ауылдастары мен шәкірттері бар. Кітаптың басты ерекшелігі – Зейнолла Әкімжановтың ақындық қыры ғана емес, азаматтық болмысы, адамгершілік қасиеті жан-жақты зерттеліп, зерделенген», – деді Самрат Құскенов.

Конференцияда сөз сөйлеген филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов ақынмен жастық шағынан таныс болғанын еске алды.

Петропавлда Зейнолла Әкімжанов туралы естеліктер жинағының тұсауы кесілді
Петропавлда Зейнолла Әкімжанов туралы естеліктер жинағының тұсауы кесілді

«Зейнолламен бір пәтерде тұрдық. Ол шындықты тура айтатын, ақиқатқа тіке қарайтын азамат еді. Әр толғауынан оның болмысы, көзқарасы мен мінезі айқын көрінеді. Қай өлеңін алсаңыз да, мағыналы, мәнерлі әрі жүректен туғанын байқайсыз», – деді Серік Негимов.

Конференция барысында ақынның шығармашылығы туралы баяндамалар жасалып, естеліктер айтылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарық көрген жинақ Зейнолла Әкімжановтың шығармашылық және азаматтық мұрасын кейінгі ұрпаққа танытуға арналған маңызды еңбек болмақ.

Зейнолла Әкімжанов 1951 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы Амангелді ауылында дүниеге келген. Саналы ғұмырын журналистикаға арнаған. Шығармашылық пен кәсіби қызметті қатар алып жүріп, қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Зейнолла Әкімжанов орыс ақындарының өлеңдерін аударған. 

Тағы оқыңыз: Кемел Оспанов: Жаңа Конституция – әділетті қоғамның берік негізі

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *