Солтүстік Қазақстан облысында жедел жәрдем қызметкеріне шабуыл жасау фактісі бойынша алғаш рет қылмыстық іс тіркелді. Оқиға 23 маусым күні Шал ақын ауданындағы Чудесай өзенінің маңында болған, деп жазады Qazaqstan Media.
Шал ақын ауданында «Lada» автокөлігі аударылып, оқиға орнына патрульдік полиция мен жедел жәрдем бригадасы шақырылған. Алайда зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде күтпеген жағдай орын алды. Мас күйдегі 62 жастағы жолаушы 37 жастағы жедел жәрдем фельдшеріне, әйелге аяқ-қолы мен іш тұсынан бірнеше рет соққы жасаған. Соның салдарынан медицина қызметкерлерінің жұмысы тоқтап қалған.
Агрессивті ер адамды тоқтату үшін патрульдік полиция қызметкерлеріне күш қолдануға тура келді. Ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеру барысында жол-көлік оқиғасына қатысқан үш адамның да алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Көлікті басқарған 52 жастағы аудан тұрғыны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Зейнолла Әкімжанов туралы естеліктер жинағының тұсауы кесілді

