Алкогольге тәуелділік – адам өмірін біртіндеп күйрететін созылмалы дерт. Мамандардың айтуынша, бұл ауру аяқ астынан пайда болмайды. Алғашқы белгілері ерте байқалған жағдайда емдеуді дер кезінде бастап, ауыр зардаптардың алдын алуға болады. Дәрігерлер алкогольдің ағзаның барлық мүшесіне зиян келтіретінін және тәуелділіктің уақыт өте келе қайтымсыз өзгерістерге әкелетінін ескертеді, деп жазады Qazaqstan Media.
Психикалық денсаулық орталығы дәрігерлерінің айтуынша, алкогольге тәуелділік өздігінен пайда болмайды. Ол біртіндеп дамиды және ерте кезеңде анықталса, емдеу нәтижелі болады.
Мамандар алкоголизмнің үш негізгі кезеңін ажыратады. Бірінші кезеңде адамда алкогольге психологиялық тәуелділік қалыптасады. Ол ішімдіктен бас тарта алмайды, дегенмен сырт көзге дені сау болып көрінеді, жұмысын жалғастырып, әлеуметтік өмірге белсенді араласуы мүмкін.
«Екінші кезеңде алкогольге деген құмарлық күшейеді. Адам ішкен мөлшерін бақылай алмайды, ішімдіксіз қалыпты өмір сүре алмайтын жағдайға жетеді. Абстиненттік синдром пайда болып, ұзақ уақытқа созылатын ішімдікке салыну кезеңдері байқалады. Бұл кезде ағзаның көптеген мүшелері зақымдана бастайды»,-дейді мамандар.
Үшінші кезеңде адам толықтай алкогольге тәуелді болады. Әлеуметтік байланыстары үзіліп, жүйке жүйесі мен ішкі ағзаларында қайтымсыз өзгерістер орын алады. Бұл кезеңде инсульт, инфаркт, бауыр циррозы және басқа да ауыр асқынулардың қаупі бірнеше есе артады.
Алкогольге тәуелділіктің негізгі белгілеріне мыналар жатады:
* ішкен алкоголь мөлшерін бақылай алмау;
* ішімдікті тоқтата алмау;
* мас күйдегі оқиғаларды ұмытып қалу;
* бірнеше күн қатарынан ішімдік ішу;
* терінің тез қартаюы, қан тамырларының айқын көрінуі.
«Алкоголь барлық дерлік мүшелерге зиян келтіреді. Жүрек пен қан тамырлары жүйесінде қан қысымы жоғарылап, жүрек ырғағы бұзылады, инфаркт пен инсульт қаупі артады. Асқазан мен ішек жолдары зақымданып, гастрит, асқазан жарасы сияқты аурулар дамуы мүмкін. Бауыр жасушалары этил спиртінің әсерінен бұзылып, алкогольдік гепатит пен бауыр циррозына алып келеді.
Бүйрек қызметі нашарлап, қабыну аурулары жиілейді»,-деп ескертеді дәрігерлер.
Тағы оқыңыз: Петропавлда 300-ге жуық баланың басын қосқан шеру өтті


