Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның ел болашағы үшін тарихи маңызы зор екенін айтты. Президент бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін құттықтау барысында мәлімдеді, деп жазады Qazaqstan Media.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа Конституция – халқымыздың темірқазығы, әділетті қоғамның мызғымас тұғыры және орнықты дамудың берік кепілі.
Президент негізгі құжатта ел егемендігі мен тәуелсіздігін қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлік пен татулықты нығайту басты қағидаттар ретінде бекітілгенін атап өтті.
«Бірнеше күннен соң, яғни 1 шілдеде Конституциямыз заңды күшіне енеді. Қазақстан түбегейлі жаңа дәуірге қадам басады. Конституция еліміздің саяси және идеологиялық арқауы ретінде ұзақ жыл бойы халық игілігіне қызмет етеріне сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның дамыған әрі озық ел болуы ең алдымен өз халқына қажет екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі және келер ұрпақтың алдында Отанды өнегелі мемлекетке айналдыру міндеті тұр.
Президент тәуелсіздікті сақтау үшін қоғамда татулық пен тұрақтылық болуы қажет екенін ерекше атап өтті.
«Біздің басқа еліміз жоқ. Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі құндылық. Ал Тәуелсіздікті сақтап, елімізді одан әрі дамыту үшін ең алдымен қоғамымызда татулық пен тұрақтылық болуы қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев әділеттілік ұғымының масылдық пен селқостыққа қатысы жоқ екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, әділеттілік ең алдымен еңбекқорлықпен байланысты.
Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап заңды күшіне енеді.
Тағы оқыңыз: СҚО-дағы екі «Жайлы мектеп» алғашқы түлектерін ұшырды


