Кішкентай ғана жержаңғақтың бөлігі кішкентай баланың өліміне себеп бола жаздады. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігерлері тыныс жолына жержаңғақ кептеліп қалған сәбидің өмірін сақтап қалды. Бала шұғыл түрде аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, жержаңғақтың екі бөлігі баланың тыныс алу жолдарын жауып, бронхтарына түсіп кеткен, деп жазады Qazaqstan Media.
Тыныс алу жолдарына жержаңғақтың бөліктері тұрып қалған бір жастан асқан бүлдіршін өмір мен өлім арасында болған. Ол дем ала алмай қиналған. Мұндай жағдайда әр секунд қымбат. Сәбиді ажалдан аман алып қалу үшін бір емес, бірнеше дәрігер жанталасты. Олардың жоғары кәсібилігі мен үйлесімді жұмысының арқасында бөгде заттар жедел алынып, сәби аман қалды. Қазір кішкентай пациенттің жағдайы тұрақты, ол хирургия бөлімінде дәрігерлердің бақылауында жатыр.
Дәрігерлер айтуынша, жаңғақ, дән, кәмпит, тиын, батарейка және жасына сәйкес келмейтін ұсақ ойыншықтар кішкентай балалар үшін аса қауіпті. Мұндай заттар әрдайым олардың қолы жетпейтін жерде сақталуы тиіс.
Мамандар балалардың бөгде затқа тұншығу жағдайларының басым бөлігін қарапайым сақтық шараларын сақтау арқылы алдын алуға болатындығын ескертеді.
Тағы оқыңыз: БЖБ мен ТЖБ күткен нәтижені бере алмады

