Білім беру саласында тағы да өзгерістер болмақ. Ол алдымен балалардың білімін бағалауға қатысты болып отыр. 2016 жылдан енгізілген бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталуы мүмкін. Ол әзірге бастауыш сыныптарына қатысты болып отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Өзгерістер турады Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Парламент кулуарында мәлімдеді. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда БЖБ мен ТЖБ-ны сату фактілері анықталып жатыр. Оның пікірінше, бұл мәселе заңнамалық тұрғыдан қарауды қажет етеді.
«Критерийлік бағалау енгізілген көптеген дамыған елдерде бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ мүлдем қолданылмайды. Сондықтан қазіргі уақытта министрлік бастауыш сыныптарда бұл бағалау түрлерін алып тастау мәселесін талқылап жатыр», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің сөзінше, 2016 жылдан бері енгізілген критерийлік бағалау жүйесі күткен нәтижені толық бере алмаған. Сондай-ақ ата-аналар мен педагогтер тарапынан бұл жүйеге қатысты сын-пікірлер көбейген.
Сонымен бірге Жұлдыз Сүлейменова білімді бағалаудың бес балдық жүйесі де бүгінгі талапқа сай келмейтінін атап өтті. Министр бұл мәселеге қатысты түпкілікті шешім әзірге қабылданбағанын, талқылау жалғасып жатқанын айтты.
Тағы оқыңыз: Жылжымайтын мүлікке техникалық паспорт алу жеңілдеді

