Есіл ауданында ұлттық спорт түрлерінен «Қызылжар-2026» облыстық спартакиадасы бастау алды. Дүбірлі додада Шал ақын ауданының намысын 50-ге жуық спортшы қорғауда, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Дүбірлі додаға «Сен тұр, мен атайын» дейтін 700-ге жуық спортшы қатысуда. Бұлай айтуымызға себеп бар. Себебі, жарысқа келген спортшылардың барлығы республикалық және облыстық додаларға аты шыққан.
Бәсі биік бәсекеде Шал ақын ауданының намысын 50-ге жуық спортшы қорғайды. Айта кету керек, аталған ауданның құрамасы жарыс фавориті саналады. Олар 2022-2024 жылдары өткен облыстық спартакиадада жалпыкомандалық есепте топ жарған. Былтыр тұғырдың екінші сатысынан көрініпті.

«Облыстық спартакиада алдында ауданда іріктеу өтті. Жарысқа тек кіл мықтыларды әкелдік. Әзірге аяқ алысымыз жаман емес. Аударыспақ пен бесасықтан финалға шықтық», — деді Шал ақын ауданы спорт бөлімінің басшысы Әсет Бөскеев.
Зарина Ермағанбет бесасықпен айналысып жүргеніне 10 жылдан асқан. Спартакиадаға осымен жетінші рет қатысып отыр. Бұрымды барлығында чемпион атаныпты.

«Осы жолы бес асықспорт түрінен бақ сынап, финалист атану бақыты бұйырды. Финалға дейін жету оңай болған жоқ. Қарсыластарымның бәрі де мықты, өз ісінің шеберлері. Алдағы уақытта да ұлттық спорттың биік шының бағындырамын деген ойдамын», — деді Зарина Ермағанбет.
Тағы оқыңыз: БЖБ мен ТЖБ күткен нәтижені бере алмады

