Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жолаушылар тасымалдайтын автобустың ішінде орындықтардың орнына жатын орындар орнатылғанын анықтады. Көлік «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде тоқтатылған, деп жазады Qazaqstan Media.
Тексеру барысында автобус иесінің көлік құралын тиісті рұқсатсыз қайта жабдықтағаны белгілі болды. Полицейлердің айтуынша, мұндай өзгерістер жолаушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін. Автобус жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аталған жағдай «Жезқазған – Петропавл» автожолында тіркелген. Бес күнге созылған рейд барысында тәртіп сақшылары көліктерді заңсыз қайта жабдықтаудың алты фактісін анықтады. Оның екеуі жолаушылар тасымалдайтын автобустарға қатысты болған.
Сонымен қатар техникалық талаптарға сай келмейтін көліктерді басқарғаны үшін 35 жүргізуші жауапқа тартылды. Олардың сегізі – автобус жүргізушілері.
Жалпы, «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 187 дерегі тіркелді. Полицейлер мұндай тексерулердің басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алып, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Тағы оқыңыз: Пестрое жағажайы мен тағы 10 демалыс аймағында қажетті құжат жоқ

